Жан мен тән тазалығының тепе-теңдігі – салауаттылық кепілі - 29 Декабря 2010 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:44
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Желтоқсан 2010  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2010 » Желтоқсан » 29 » Жан мен тән тазалығының тепе-теңдігі – салауаттылық кепілі
    18:45
    Жан мен тән тазалығының тепе-теңдігі – салауаттылық кепілі


    Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
    Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры.

    Бүкіл әлемді алаңдатып отырған есірткі мәсе­лесі біздің қоғамды да айналып өтіп жатқан жоқ. Өзге елдермен арадағы түрлі байланыстардың қал­та­рысын тасалап келіп жатқан осы кесел жаста­рымыздың болашағы үшін қатерлі екені анық. Қа­зір­дің өзінде жабысқан дерттің бойымызға денде­гені соншалық, бір күнде жұлып тастау мүмкін болмай отыр. Ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, есірткі қолданатындардың арасында жастардың саны басым. Ал жастар – ертеңгі қоғамның иесі.

    Сондықтан, бүгінгі таңда есірткімен күрес, яғни оны сатумен немесе қолданатын жекелеген топтармен шектелмей, жаппай қоғамдық сипат алуы тиіс. "Есірткіге үйірсектік жастарымыздың арасында неге жиіледі?”– деген сұрақты педагог ретінде өзімізге қоя отырып, жастардың болмысына көз жіберсек, бойларынан ең бірінші албырттықты көрер едік. Оларды биікке шығаратын да, орға жығатын да осы албырттық. Қалай болғанда да осы бір сындарлы тұста оларға үлкен көмек қажет. Тек ата-ана тарапынан ғана емес, жүрген орта, бүкіл қоғам тарапынан.

    Біз, әрине, жастардың бәріне күйе жағудан ау­лақ­пыз: "асыл – тастан, өнер – жастан”. Олардың бойында буырқанған бұла күш қоғам игілігіне жұм­салар болса, алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ. Әлемді, соның ішінде Қазақстанды да қатты алаңдатып отырған бүгінгі халықаралық есірткі ағыны, нашақорлық мәселесі адамзат пейілінің бұ­зылғандығынан, адалдық пен тазалықтың мансұқ­тал­ғанынан өршіп тұр. Бұл ретте қазақтың данышпан ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы былай деген екен: "Ауру – денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншілік. Құдыреттің ісінің бәрі орынды, бәрі жөнді. Жөнді істі жөнсізге айналдыратын кінә өзімізден. ...Бағым жақсы болса, тән күйлі болады, күйлі тән күшті болып ауруды жеңеді”.

    Халықаралық есірткі қаупі мәселесін Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Назарбаев түрлі форумдарда, жиындарда жиі айтып, оның алдын алу туралы ұстанымын ашық мәлімдеп жүргені белгілі. Үстіміздегі жылы 26 мамырда ЕҰУ-да оқыған "Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына” атты дәрісінде Елбасы: "Жаһандану осы заманғы әлемге осалдық пен шетіндік әкелді. Лаңкестік, есірткі саудасы, ақпараттық соғыстар, эпиде­миялар, экологиялық аппаттар да шекараны білмейді және бүкіл адамзат үшін жаһандық сынақтарға айналды. Әлемнің бірде-бір мемлекеті дербес өзі аталған сынақтарға қарсы тұруға қабілетті емес”, деп атап көрсетті. Есірткіге қарсы күрес – адамзаттың азғын­дауы­на қарсы күрес. Ал оның салауатты өмір салтымен байланыстырылуы жайдан-жай емес.

    Ұлы даналар адамның азғындау себептерін ертеректен-ақ білген секілді. Әсіресе, Абай атамыз­дан адам мәселесіне қатысты айтылмаған сөз қалмағандай: "Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын”. Есірткінің тұза­ғына түсетіндер де көбіне бос уақыты көп, мате­риалдық мұқтаждығы жоқ адамдар арасында кездесетін секілді. Есірткі – болашаққа құрылған тор. Бір шыр­малған жанның онан құтылуы оңайға соқпайды. Біреу қызық көріп өзі барады, біреу алдауға түсіп байқаусыз барады, енді біреу өзгелердің ықпалымен барады, т.т. Қысқасы, баратын жол көп, шығатын жол бұлыңғыр.

    Біздің алдымызда жауабы күрделі екі сұрақ тұр: бірі — есірткіге бой алдырған жастарды қалай құтқарамыз? Екіншісі — ойы да, бойы таза алаңсыз өмір кешіп жатқандарды қалай сақтандырамыз? Екеуіне де ортақ қазіргі көрініп тұрған жалғыз ем – салауатты өмір салтын ұстануды жапай жүзеге асыруды қолға алып, барынша насихаттау. Медицина атасы саналатын Гиппократ: "Төтенше ауруларға төтенше ем қажет” деген екен. Олай болса, нашақорлық секілді қасіретті бір ғана медицина күшімен емдей аламыз деу аздық етеді.

    Рухани саулық әлсіреген сайын адам өзінің адами қасиеттерінен алшақтай беретінін көріп жүрміз. Өйткені, олар бар күш-жігерін тек тән құмарын қанағаттандыруға бағыттап, соның құлына айналады. Әсіресе есірткі дерті адам бойын меңде­генде, осындай күйге түседі. Бүкіл ойдың қуаты тән құмарын қанағаттандыруды аңсап, соған ғана бағытталып тұрған жерде жасөспірім бойындағы бұла күш оң істерге жұмсалады деу қиын. Соңы қылмысты іске әкеліп соғып жатуы да содан. Сөйтіп, рух пен тәннің тепе-теңдігін жоғалтып алып, теңселе басып жүргендер арамызда қаншама. "Бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек” – деген ұсыныс біздің алдымызға "Жоғары оқу орындары өз тарапынан қандай үлес қоса алады?” – деген сұрақты көлденең тартып тұрғандай. Жоғары оқу орындарында болашақ ел тізгінін ұстар азамат тәрбиеленетін болғандықтан, "бұл мекеме мәселеге қай қыры­нан келуі керек?” деген ойдың әркез маза­лайтыны бар.

    Салауатты өмір кешу әркімнің өзіне байла­ныс­ты дей тұрсақ та, әр адам өз заманының, қала берді жүрген ортасының перзенті – айналасының ықпалынан тыс тұра алмайды. Жас жеткіншектің де тұлғалық болмысы дұрыс қалыптасуы үшін оған ықпал ететін қоғамдық ұйымдар мен ың­ғайлы орталар қажет екені түсінікті. Ол ортаның бірі – жоғары оқу орындары. Есірткінің қармағына ілінгендерді жазалау міндет емес, алдымен олардың кімдер екенін анық­тау қажет. Жасырын жүрген белгісіз біреуді жұды­рық түйіп қорқытқаннан гөрі, көз алдың­дағы ауруға көмектескен жеңіл. Бұл орайда бізге ең сенімді көмекші – олардың достары. Бірақ, "достыққа берік” "сабаздар” жолдасының ауыр жайын айтуға құлшына қояр ма екен? Жазаға тартылмаған күнде де жұрт алдындағы беделіне нұқсан келуі мүмкін ғой. Балалық аңғалдықпен сол досының өмірі тозаққа айналғалы тұрғанын қайдан білсін. Ұстап алған күннің өзінде теріс жолға түскендер өз ісінің дұрыс еместігін шын жүрегімен мойындаса жақсы, мойындамаса, бас изеп тұрып, шыға бере өз әуені­не басса, бар еңбек босқа кетпей ме! Сондықтан есірт­кіге қарсы күрес сол мазмұндағы түрлі тақы­рыптарда өткізілетін іс шаралар мен құрылған ұйым­дардың ұранды сөздеріне оңай ауыздықтала қал­ғалы тұрған жоқ секілді.

    Дегенмен, тиісті дәре­жеде шын жанашырлықпен кіріссе, алдағы жақсы өмір тек есірткіден алыстағанда ғана болатынына досының да, теріс жолға түскендердің өзінің де көздерін жеткізіп, көңілдерін сендіруге болады. Оқу орнының талапқа сай, төрт аяғын тең басып, қалыптасқан дәстүрлі жүйесі өзінің тегеу­рінді талабымен студенттің негізгі ой-арманын білім алуға бағыттап, сол төңіректен алыстатпай ұстауға қауқарлы болуы керек. Талап қоя отырып, ізденулеріне дұрыс жағдайлардың жасалуы да негізгі шарттардың бірі. Негізгі бағыт пен көз­қарас бір арнаға тоғысып жатса, бірлі-екілі "теріс­қақ­пайлар” еріксіз сол ағынның ықпалына көнеді. Әр ЖОО-ның өзіне тән дәстүрлі білім жүйесі қалыптасу үшін белгілі бір кезеңдерден өтуі керек. Ол үшін, әрине уақыт қажет. Бұл істе негізінен білім беретін ұстаздардың орны ерекше. Дәріс барысында ұстаз бойынан ескен ізет пен білімділік аудиторияны билеп тұрса, ол қасиет шәкірттің бойына да дарымақ. Жаны тазалықтың нұ­ры­на шомылған жанның бойы бәле­кет атаулыдан аулақ болары хақ. Осындай бір сәттерде қысқаша ғана, зер­десіне жететіндей етіп, зиянды бәлекетті қолда­нудың зар­дабы тура­лы қысқаша ғана сабақтың басында не аяғында қисынын тауып, қиюластыра алса – ұстаздың шәкірт алдында орындалған бір парызы.

    Еуразия ұлттық университетінде 2005 жылы ашылған "Салауатты өмір салты” орталығы тән саулығы мен жан саулығын үйлестіруде біршама нәтижеге қол жеткізді. Біз бұл орталыққа тәжіри­белі, жастардың жанын түсінетін оқытушылар мен кеше ғана университеттен түлеп ұшқан студенттер ортасына беделді жас мамандарды тарттық. Қазір бұл орталық мәдениет, спорт, сенім тазалығы, жан сұлулығы секілді салаларды қатар дамытып, студент-жастарды ұйытып отыр. Салауаттылыққа байланысты әлемде мысал аз ба? Тоқсан екі жа­сын­да организмі отыз жастағы күйін сақтаған атақты америкалық ғалым Поль Брегг өз өмірінің тәжірибесі бойынша "салауаттылықтың басты кепілі — спорт, мерзімді ашығу және жо­ғарғы күшке сыйыну” деп атап көрсетеді.

    Орыс дәрігері Малахов та спорттың пайдасы жөнінде көп ай­тады. Олар табыстарының барлығына ең алдымен жат қылықтардан аулақ, тәні де, жан әлемі де тазалықта болу арқылы қол жеткізген. Өз ізба­сарларына да осы жолды ұсынады. Мұндай тә­жі­рибелерді негізге ала отырып, түрлі тақырып­тар­дағы дәрістер ұйымдастыру да күрмеуі қиын істің шешілуіне бір табан жақындау болып табылады. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, "қоғамды алаңдатып отырған бұл мәселеге жоо-лар қандай үлес қоса алады?” – деген сұрғымызға қайта оралар бол­сақ, өзінің негізгі қызметі – білім беру бары­сын­да адамгершілік қағидаларына да назар ауда­рып, бүгінге дейін қателікке бой алдырғандардың санасын оң істерге бағыттауға ықпал ете алады. Сөйтіп, кейінгілердің жаза баспауына себепші бола­ды.

    Адамның рухани әлемінің нығаюы мен кемел­денуіне білім жүйесінің қосары көп. Теориялық ілімдердің барлығы да ақыл-ойдың өрістеп, қанатын кеңге жаюына септігін тигізеді. Жан-жақты ойлау мүмкіндігінің артуы да алынатын біліммен бірге дами бермек. Білім жақсы мен жаманды айыруға, кең мағынасындағы имандылық дағдыларын бойына сіңіруге көмектеседі. Бүгінде Қазақстан есірткіге қарсы дабыл көтеріп жатса, бұл елде нашақорлық қаптап кетті деген сөз емес. Бұл – жамандықтың алдын алу. Әйгілі Италия жазушысы Д.Боккачо: "Кімде-кім аурудан жазыламын деп бекінсе, мұның өзі – аурудан жазылғандық ” деп айтқан екен. Осы сөздің көп мәні бар. Бізге шеттен келіп жатқан жаман қылықтар өз ішімізде өркен жаймауы тиіс. Ал сол жамандыққа бой алдырған елдердің аурудан жазылуына біз де мүдделіміз. Әлем – бір отбасы, бір үй. Сондықтан дүниенің бір шетінде болып жатқан кесепат ертең екінші шетіне жетуі де ғажап емес. Сол себепті жан мен тән тазалығының тепе-тең­дігін әлем болып ойлайтын уақыт туды. Қазақ­стан өз үні бар ел ретінде әлемді сауықтыру, са­лауат­тандыру шарасынан ешқашан шет қалмақ емес.

    Астыртын бизнесті ауыздықтамаса болмайды Аймақта нашақорлыққа қарсы қандай амалдар қарастырылып жатқандығы туралы Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрғожа ЧИНАЕВТАН бірқатар сұрақтарымызға жауап беруін өтінген едік.

    – Нұрғожа Қыдырханұлы, есірт­кіге байланысты мәселенің бүгінгі күні осыншама күрделене түскен­дігінің себебі неде деген сауал туын­дайды. Есірт­кімен күрестің алдын алуға өкі­летті органдардың қызметін, заңдарды, сондай-ақ сот тәжірибесін қарасақ, қазіргі "күрес” етек алып кеткен "дерттің” себептерін емес, зардап­та­рын жоюға жұмылдырылған сияқты.

    – Иә, қолданыстағы заң және ведомостволық нормативтік актілер, меніңше, ескірген және осынау қатерлі әлеуметтік кеселдің алдын алу мен таралуын болдырмауға ықпал ете алмайды. Ол ол ма, қоғам­ға аса қа­тер­лі азаматтар сана­ты­на жататын на­шақорлардың емде­луден жалтарып, көбейе түсуіне тіпті заңның жекеле­ген қағидаларымен де қолайлы жағ­дай жасалынып қойыл­ғандай.

    – Атап айтқанда, қандай? Тарқа­тып айтыңызшы.

    – "Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдық­қан ауруларды еріксіз емдеу туралы” 1995 жылғы 7 сәуірдегі заң (бұрын Прези­ден­ттің Жарлығы болды) бойынша есірткі дертіне шалдыққан сырқаттар­ды күштеп емдеуге жібе­ру­ді туыста­ры­ның, еңбек ұжымда­рының, қоғам­дық ұйымдардың, ішкі істер, проку­ратура, қорғаншылық және қамқор­шы­лық органдарының бастамасы бойынша медициналық қорытынды болған жағдайда ғана мемлекеттік денсаулық сақтау меке­мелері жүзеге асырады. (4-бап). Заң қабылданғаннан бері еңбек ұжымдарының, қоғамдық ұйымдар мен қорғаншылық және қамқоршы­лық органдарының нашақорларды еріксіз емдету жөнінде бастамашы­лық жасағанын көрген жоқпыз. Еңбек ұжымдарында жұмыс жасап жүрген нашақорларды көргендер бар ма екен? Ал туысқандары болса, кейде арыз беруге қорқады...

    – Сонда не істеу керек дейсіз?

    – Меніңше, есірткі дертіне шал­дыққан адамдарды еріксіз емдеуге жіберу құзіретін заң жүзінде денсау­лық сақтау мекемелеріне беретін кез келді. Атап айтқанда, мұндай құқық­ты күн сайын осындай адамдармен жұ­мыс жасайтын және есірткіге тәуелді нақты тұлғаны ерікті немесе күштеп емдеудің қажеттілігі мен дұ­рыстығына шынайы баға бере алатын есірткіге қарсы емдеу дис­пансерле­ріне, есірткіқұмарлыққа шалдыққан­дарды дәрігерлік-әлеу­меттік сауықты­ру орталықтарына беру керек. Құқық қорғау органдары мен соттардың есірткіге тәуелді адам­дарды қоғамнан оқшаулауына ке­дер­гі келті­ріп отырған келесі мәселе заңда көр­сетілген нашақорларды еріксіз емдеу­ге құжаттарын хаттаған кезде олардың ауыз қуысының уылуы мен жүйке сырқаттарына шалдыққан болмауы (ғарышкерлер сияқты десе де болады) керектігін талап ететін қағидалар. Ал осы сырқаттарға шалдықпаған қандай да бір болмасын нашақорды тауып беріңізші.

    Сөйтіп, ақылға сый­майтын тұйыққа келіп тірелеміз. Нашақор күштеп емдеуді қажет­сінеді, ал оны хаттауға болмайды, өйткені оның денсаулығы нашар. Мәселен, наша­қордың СПИД дертін белсенді тара­тушы немесе сол айықпас дертке шал­дық­қанының өзі екендігі кез кел­ген адамға түсінікті емес пе? Демек, заң бойынша адам ағзасының сыр­қат­қа қарсы тұру қабілетінің жеткі­ліксіздігін туғыза­тын залалға (ВИЧ) шалдыққан нашақорды оның келісі­мінсіз есірткіге қарсы күштеп емдеуге жіберуге болмайтын болып шығады. Сонда оны қайда орналастыруды ұсынасыз? Өкінішке қарай, біз Оң­түстік Қазақстан облысында бала­лар­дың СПИД дертіне шалдығып жатқан ащы зардаптарын бастан кешіп те отырмыз. Оларға дәрі­герлердің бей­қамдығы салдарынан сырқатқа қарсы тұру қабілетінің жеткіліксіздігін туғызатын залалға (ВИЧ) шалдыққан белгісіз бір қан тапсырушы нашақор­дан алынған қанның құйылғанды­ғына күмән жоқ.
    Жоғарыда аталған заңның тағы бір елеулі кемшілігі – жасы кәме­лет­ке толмағандарды, жүкті әйел­дерді, 8 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді, 60 жастан асқан ер адамдарды және 55 жастан асқан әйел адамдарды, 1 және 2 топтағы мүгедектерді есірткіге қарсы күштеп емдеуге жіберуге тыйым салын­ғандығы.

    – Есеп бойынша жасы кәмелетке толмаған нашақорлардың саны жыл­дан-жылға геометриялық прогрессия­мен қарқын алып бара жатыр. Соған орай заңды қабылдаған кезде шама­сы, нашақорлардың көрсетілген са­натта­рына қатысты ізгілік ұстаным­дары басшылыққа алынған шығар?

    – Иә, солай екені рас. Бірақ қоғам ондай "ізгіліктің” ащы зарда­бына қашанғы төзе береді? Қоғамға қатерлі адамдар қатарына қосылған азаматтардың мұндай санаттарына есірткіге және маскүнемдікке қарсы күштеп емдеудің заңды шаралары неге алынбасқа? Елімізде нашақор­лардың ғана емес, тұрғылықты жері жоқ адамдардың және өздеріне ешкімнің тиісуіне болмайтындығына сенімді әлеуметтік азғындаған адам­дар­дың саны арта түсіп, айналасына зардаптар әкеліп, қатерлер төн­діруде. Демек, нашақорлардың атал­ған са­нат­тарын да күштеп емдейтін арнайы мекемелерді (немесе бұрын­нан бар мекемелердің жанынан қосалқы бөлімдерді) тез арада құруды қажет деп есептеймін. Есірткіге қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарының сапа­лық құрамын жақсартатын және жұмысы­на баға беретін кез келді. Ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері мен жақында құрылған Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитет күрес жүргізіліп жатқандығын желеу етіп, кейде көрсеткіш қуалаумен әуестеніп кете­тіндігі ешкімге құпия емес.

    Полиция қызметкерлері өздерінің жұ­мыс көрсеткіштерін өсіру үшін аза­маттарға есірткі салып жіберетіндігі туралы сыбыстар да негізсіз болмай отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстар­дың тиімділігінің төмен екендігіне мына мысалдар да айғақ: 2006 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бой­ын­ша облыс көлемінде 1482 (2005 жылы 1403) нашақор есепте тұр. Олардың ішінде соңғы жылы бала­лар мен 15 жасқа дейінгі жасөспі­рімдер пайда болды. Есірткіге қарсы ерікті емделуге 208 адам, еріксіз емдеуге бар болғаны 25 адам жібе­рілген. Соңғы жылдары қалыптаса бас­та­ған мына бір қайран қалдырарлық жағдайға неге екені белгісіз ешкім назар аударатын емес. Мәселен, жыл басынан бері біздің облыс бойынша облыстық есірткіге қарсы емдеу дис­пансеріне тексеруге апарылғандардың ішінде 103 (2004 жылы 67 және 2003 жылы 98 адам) адамның есірткі тұ­тынғаны, олар­дың көпшілігі көлік айдау үстінде ұсталғандығы анықта­лып отыр. Бірақ олардың бірде біреуі қоғамнан оқшауландырылмағандығы өз алды­на, тіпті қандай да болмасын "айық­тыру” орнына да апарылмаған.

    – Неліктен?

    – Өйткені, қазіргі кезде бір де бір арнаулы мекеме (есірткіге қарсы ем­деу диспансері, нашақорларды дәрі­герлік-әлеуметтік сауықтыру орталық­тары, арнаулы емдеу-сауық­тыру мекемесі, медициналық айық­тырғыш) есірткіні шектен тыс шегіп есалаң күйде жатқандар болмаса, есірткіден мас болғандарды қабыл­дамайды және қабылдауға құқық­тары да жоқ. Сөйтіп, егер адам ішімдік ішкен күйде келе жатып көшеде тоқта­тылса, онда оны міндетті түрде ұс­тап, айық­тырғышқа орналастырады және жауапкершілікке тартады (кейде тіпті заң­сыз). Ал нашақор­ларды іс жүзінде басы ауған жаққа босатып жібереді. Өйткені, заң бой­ынша оның келісі­мінсіз қимылдай алмайсың. Ал наша­қор ішімдік ішкен адамға қарағанда, қоғамдық жағынан анағұрлым қауіпті екендігін түсіндірудің қажеті болмас. Сондық­тан еліміз бен қоғамымыздың қауіпсіздігі, оның беделін сөзбен емес, іс жүзінде нығайту үшін заң­на­малық тұрғыдан алғанда есірткіге қарсы күрес оның барша көріністері бойынша көшедегі мастармен кү­реске шатыстырылмай заң шығару саясаты­ның басым бағытына ай­налуы тиіс.

    – Облыстағы есірткіге қатысты жағдайдың барысы қалай?

    – Тұтастай алғанда, елімізде на­ша­қорлар жасаған қылмыстар, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс­тар жылдан-жылға көбейе түскендігі ешкімге құпия емес. Мысалы, тек біздің облыс бойынша өткен жылы есірткіге қатысы бар 150-ден астам қылмыс жасалды. Бұл тек ашылған қылмыстар бойынша ұсталғандар саны. Ал еліміз бойын­ша қаншама. – Осы орайда сот тәжірибесі не көрсетіп отыр? Соңғы жылдардағы есірткі затта­рының заңсыз айналымына қатысты істерді қарау жөніндегі сот тәжі­рибесі көрсетіп отырғанындай сот­тарға негізінен алғанда, өткізу­шілер, әдет­тегіше, әйел адамдар мен есірт­кіні сатып алушылар тап болады. Қыл­мыс­тық іздестіру органдары қолға түскен нашақорлардың көшеде жүріп келе жатып есірткіні кездейсоқ тауып алып, өзім тұтыну үшін сақтадым де­гендей қисынсыз уәжін жеңіл-желпі дәлелдеме күйінде негізге ала салады. Сөйтіп есірткі сүрлеуінің нағыз ұйымдастырушылары мен жеткізуші­лері, әдеттегіше ашылмай қалады.

    Ал дәлірек айтсақ, оларға біздің құқық қорғау құрылым­дарының "тісі бат­пайды”. Оған облысымызға да, рес­публикамызға да есірткінің келуі азаймағандығы өз алдына, керісінше көбейе түскендігі айғақ. Соңғы жыл­дары аса үлкен көлемдегі героинді сатып алғаны және сақтағаны үшін сотталған­дардың саны өсе түсті. Олар аспаннан түскен жоқ қой. Бұл елімізге есірткі легінің келуі одан әрі ұлғайып бара жатқандығының тағы бір айқын айғағы. Есірткі тұтынушылар әрқайсы­мыз­ға және тұтастай қоғамымызға қатер төндіріп тұрғандығын жақсы біле тұра, оларға біздің санамызда кеңес заманынан нашақорларды ем­деп, дұрыс жолға салып жіберуді қа­жетсінетін сырқат, "бақытсыз” адамдар деген ұғым орнығып қал­ған. Өкінішке қарай, "адасқан­дардың” саусақпен санарлықтай бөлігі, тіпті ілуде біреулері ғана тұңғиықтан тал қармап тұрып, қоға­мымыздың толық­қанды мүшелеріне айналып жатыр. Ал туысқандарына, жақын-жуықта­ры­на, қоғамға өкініш пен азап әкеліп, өздерінің өмірлерін зираттарда, не­месе бас бостан­дығынан айыру орын­дарында тұйықтап жатқандар одан анағұрлым көп. Сондықтан да, осы қа­терлі құбылыспен күрестің ескі пси­хологиясы мен қалыптарын өзгер­тетін кез келді. Нашақорлар мен осы арқылы өзінің астыртын бизнесін өркендетіп отырғандарды тек қазіргі заман талабына бейім­делген заң қағидаларына негізделген қатаң шаралармен ғана тізгіндеу арқылы осы бір тығырықтан шыға аламыз.

    Әңгімелескен Александр Тасболатов.
    http://www.egemen.kz/

    Просмотров: 2755 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz