Жалғыз қызық көзді көзді жалмауыз - 28 Января 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:44
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Қаңтар 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Қаңтар » 28 » Жалғыз қызық көзді көзді жалмауыз
    20:13
    Жалғыз қызық көзді көзді жалмауыз
     
    Сорақысы сол, елімізде жылына 25 мың, ал күн сайын 70 пенде темекінің кесірінен туындаған дерттерден көз жұматын көрінеді. Адамзат бұл жалмауыздың арамызға қалай кіріп, ұя салып, орнығып шайтани тірлігін тынбай жасап жатқанынан мүлдем бейхабар деуге болады. Сірә, ол зұлымдығын білдіртпей істейтін шайтанның жан жолдасы болса керек. Тіпті жеңіл қараған адамға жағымды болып көрінеді. Әйтсе де өзіне тәуелді болған адамды мерт қылмай тынбайды. Ол сығырайған жалғыз қызыл көздінің аты – темекі. Адамдар арасына темекінің әбден орнығып алғанына да 5 ғасыр болыпты. Содан бері қанша адамды жалмағанын есептеп көрейікші. Әлемде әр 13 секунд сайын бір адам, әр 65 секундта бес адам оның кесірінен көз жұмады екен. Жылына 3000000. Бес ғасырда 1500000000. Ал өзіміздің елге келсек, халқымыздың 27 пайызы (4 миллион адам) темекі шегеді. Соның 600000 астамы қыз-келіншек болса, 120 мыңы 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер. Сорақысы сол, елімізде жылына 25 мың, ал күн сайын 70 пенде темекінің кесірінен туындаған дерттерден көз жұматын көрінеді. Міне, осыны көріп отырып, біз сығырайған жалғыз қызыл көздіден сақтанбаймыз! Әсіресе, жастарды сақтауымыз керек еді.
     
    Дегенмен, үлкендер жағы оғанқұлықсыз болып отыр. Өйткені, олардың өздері теме-кінің түтініне уланып жүріп, өзгеге ақыл айтуды артық көреді. Бала кезімде осыған қатысты бір оқиға басымнан өткен. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезім. Әке-шешеден қатар айырылған тұл жетіммін. Әйтсе де жетім балалар үйінде емес, пәтерде жатып оқып жүрдім. Көбіне жетімдер үйінің балаларымен бірге ойнадым. Жасыратыны жоқ, олардың көбі темекіге әуес болды. Мені де қатарларына қосқылары келді. Онша бұзақылық болмаса да, біреудің айтқанына оңай көне қоймайтынмын. Бірақ күнде болмаса да, анда-санда темекі шегуді әдетке айналдырдым. Пәтер иелері қазақтар болатын. Олар менің темекіге әуестеніп жүргенімді сезіп қалып, тәтеме айтып берді. Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс кезінде ауылға, тәтемнің үйіне, барып шаруашылыққа көмектестім. Бір күні екі-үш қойды сойып, етін сату үшін қалаға жолға шықтық. Базарға келсек, бізден басқа да сатушылар қаптап жүр екен. Содан болар, біздің ет көп өте қоймады. Бір орында тұра беруден жалыққан тәтем «сыра ішіп келейін» деп кетіп қалды. Ет сату маған қалды. Біраз уақыт өтсе де, еттің өтетін түрі жоқ. Содан бағасын сәл арзандатып едім, жұрт жапа-тармағай талап әкетті.
     
    Шаруаны тыңдырып қойғаныма іштей ырза болып тұрдым. Бір кезде тәтем келді. - Ет қайда?! – деді үрейленіп. - Бәрін саттым. Даусым ақырын шықты. Өйткені тәтемнің «ет қайда» деген қатқыл сөзінен үркіп қалдым. Санамда «көңіліндегідей болмады ма екен?» деген ой жылт етті. Демде түскен ақшаны есептедік. Көп! Тәтемнің жоспарлағанынан да асып түсіпті. - Сен өзі керемет саудагер екенсің. Ендігәрі үнемі сен сататын боласың? – деді қуанып. Қалада тоқтаған жеріміз тәтеме күйеу бала, маған жезде Әбу дегеннің үйі болатын. Кешкісін сол үйде жиын болды. Әбу қайнағасына ет асып, шама шарқынша күтіп бақты. Бізден басқа да адамдар болды. Үлкендер ет жеп, арақ ішіп біраз гүжілдесті. Бір уақытта бойына арақтың уы тараған тәтем көптің көңілін маған бұрды. «Оқуы жақсы, қолы епсекті. Жаман іске бармайды, бүгін саудаға бейімділігін көрсетті. Бірақ, бір жағымсыз қылығы бар. Ол темекіге әуестігі», – деді. Отырғандар тәтемнің сөзіне еріп, мені ұялтпақшы болды. Мен ұялып, қызарақтап, қипақтап қалдым. Кенет бойымда бір батылдық пайда болып: - Тәте, мен шылым шегуді қояйын. Ол үшін сізге қояр бір шартым бар, – дедім. - Иә, қандай шарт, – деді. - Мен темекіні мүлдем қоюға уәде берем. Бірақ ол үшін сіз арақ атаулыны мүлдем қоятын боласыз. - Келістік! Әбу, қол алысамыз, сен куә, айыратын бол! – деді. Сөзінен шынайылық көрініп тұрды. Міне, осыдан кейін мен темекіге жолағам жоқ. Ал тәтем арағын да, шылымын да қартайғанша тастай алмады. Маған қандай жақсылық жасағанын кейін түсіндім. Өзі нәпсісіне ие болмаса да, маған үлкен жанашырлық танытыпты. Аллаға шүкір, балаларым мен немерелерімнің темекіге әуестігі жоқ. Мен білгенімше оларға тәрбие беруге тырыстым. Бірінші, өзім үлгі болдым.
     
    Екінші, темекінің зияндығын реті келген жерде айтып отырдым. Теледидардан шылым шеккендерді көрсем, «шылым шегетін жаман адам екен» деп әдейі айтып қаламын. Сол бірауыз сөздің пайдасы орасан зор екенін ұқтым. Қазір кішкентай немерелерім ондайларды көрсе «жаман адам екен» деп, темекі шегудің жақсы әдет емес екендігін айтатын болды. Енді осы сығырайған жалғыз қызыл көз Жалмауыз жайында асыл дініміз не дейді? Темекінің үлкен зиян екенін мұсылмандардың барлығы білетіні сөзсіз. Біреулер оны жай ғана «мәкруһ» десе, екіншілері «харам» деп үкім береді. Қазіргі темекінің үлгісі алғаш рет XVI ғасырда пайда болды. Құран мен хадистерде темекіге қатысты нақты ештеңе айтылмаған. Әйтсе де, Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қатерге итермеңдер!», «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер!» – деген аяттар бар. Демек, осы аяттардың мағыналары шылым шегудің қаншалықты зиян екендігін ескертіп тұрғандай. Дүниежүзі ғалымдарының зерттеуінше, өкпе, рак ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесінде екен. Егер шылым шегушілер күніне 20 тал темекі шексе, олардың өкпе рагы ауруына шалдығуы қаупі өзгелерге қарағанда 10-15 есеге, ал бүйрек дертіне бес есеге артады екен.
     
    Құранда: Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар «Оларға пайдалы пәк нәрселерді адал етіп, зиянды нәрселерді харам етеді», – делінген. Демек, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың әкелген дінінде адамға зиянды барлық нәрсе харам. Ал темекі адам ағзасына, санасы мен ұрпағына зиян болғандықтан, Құранның осы аяты бойынша оның харам екендігін түсіну қиын емес. Енді темекінің екінші зиянды жағына тоқталайық. Алла тағала Құран кәрімде: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса раббысына тым күпірлік етуші – дүр», – деп, ысырап етудің күнә екендігін тіпті, кісіні шайтанға бауыр ететін Жаратушыға жағымсыз іс екенін білдіреді. Күніне бір-екі қорап темекіні тауысқан адам өмір бойы қанша ақшасын ысырап қылатынын есептесе, қыруар қаржының желге ұшқанын білер еді. Күніне шамамен 300 теңгесін темекіге жұмсаған адам айына 9000 теңге, жылына 108000 теңге жоғалтады. Ал 50 жыл бойы шылым шеккен адам осы уақыт аралығында 5400000 теңгені құр босқа ысырап қылады екен. Мұндай көлемдегі қаржымен қаншама мұқтаж адамның қарнын тойдыруға, бірнеше зәру жанның киімін бүтіндеуге, талай науқасты емдеуге болатыны белгілі. Ысырап дегенде тек ақшаны ойламауымыз керек.
     
    Пайғамбардың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Адамдардың көбі Алланың өздеріне берген екі үлкен нығметінің қадірін білмейді. Олар денсаулық пен бос уақыт»,- деген. Тәулігіне 20-22 дана шылым шегетіндер жылына уақытының 40 күнін тек қана темекіге арнайды екен. Олай болса, «дәрет алған кезде өзеннің жағалауында болсаң та суды ысырап етпе!»,- деп ысырапқа қарсы үгіттеген ислам сияқты ықтиятты діннің темекінің үкіміне «мәкруһ» деп жеңіл қарап, ысырапшылдыққа рұқсат беру әсте мүмкін емес. Мұсылман бауырлар, өзімізді өзіміз алдамайық. Сығырайған жалғыз қызыл көз Жалмауыз – харам! Ойланайық, Алланың үкіміне қарсылық жасамайық.
     
    Шерияздан Ғаббасұлы,
    «Қызылжар» орталық мешітінің алқа мүшесі.
    http://muftyat.kz/3259-zhal1170yz-1178yzy1178-k1256zdi-zhalmauyz.html Сурет:
    mumisir.blox.ua http://qazaq.kz/
    Просмотров: 951 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz