ӘЗӘЗІЛ… - 28 Февраля 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:43
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Ақпан 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Ақпан » 28 » ӘЗӘЗІЛ…
    15:53
    ӘЗӘЗІЛ…


    Ол туралы атамзаманнан бері аз айтылған жоқ, дана да, данышпан да толғанды. Аузыңнан кіріп бүкіл жүріс-тұрысың мен іс-әрекетіңнің, ақыл-ойың мен сейлеген сөзіңнің өңі мен реңін кісі танымастай айғыздайтын арақ-шарап женінде кеше де айтқанбыз, бүгін де айтамыз. Бәлкім ертең де, одан кейін де сөз етерміз…
    Қалай десек те адамзат баласына орасан зор қасірет үйірген маскүнемдік індеттен кексе Батыс әлдеқашан арылып, әлдеқашан айықты. Қазақтар болса әлі күнге теңселіп жүр. Ес жиятын түрі жоқ. Ресми емес деректерге сенсек бұл күнде Қазақстандағы маскүнемдердін саны 500 мыңға жуықтап қалыпты. Олардың басым көпшілігі өз қандастарымыз екендігі айдан анық. Өйткені бет-ауызы былшықтанып қуыс-қуыста құлап жатқандардың арасынан басқа ұлт екіндерін кездестіре қоюың екі-талай. Ішінді ит тырнайды. Намыстан қаның басыңа тебеді. Жуырда автобуста маңайындағыларды мазалай берген әлдебір маскүнемге шегір көз жігіт ағасы ескерту жасағаны сол еді, ананың көзі шатынап: «Мен қазақпын, байқап сөйле, оңбаған» деді. Қазақ екенін айтпай-ақ қойса кайтетін еді деймін ішімнен. Өз басым ішіп алып кеуде соққан адамды ешқашан кабылдай алмаймын. Әрі онымен бөгде ұлттың ортасында қазақша сейлескім келмейді.
    Әйел жайшылықта қаншалықты сұлу болса, ішімдік жеңгенде соншалықты сұмпайы, соншалықты анайы. Лайланған тұнық су секілді.
    Базар маңы. Сендей соғылысқан жұрт. Дүңгіршек алдыңда балмұздақ сатып бойжеткен тұр. Жол үсті болғасын мен оны күніне екі мәрте көремін. Азанда әдемі, әйбат. Омырауындағы түймелері де өз орнында. Талбойына жарасар қарапайым кимыл-қозғалысы – басқаныкі емес, қазақтың өзінікі. Сатып алушы көп. Ол жалғыз. Жұрт қазір сатушының бет-жүзіне карап алып барып сауда жасайды. Ұқыптылығына, адалдығына көз жеткізгісі келеді. Тазалыққа қаншалыкты мән беретіндігін байқап алғысы келеді. Балмұздақ сатқан бойжеткен бұл жағына мығым. Алайда ол мен сияқты сандаған бөтен адамнын өзі туралы жақсы пікіріне көп уақыт өтпей сызат түсіріп алады. Әңгіме былай. Бойжеткеңді қаумалап бір топ жігіт тұрады. Өздері дөрекі, мылжың. Дауыстары да жағымсыз. Бейберекет күле береді. Қыз да қалыспайды, косыла күледі. Білесіз бе, жымимайды, күледі. Бәрі бір тілде сөйлеседі. Қазақ тілінде емес, арақ тілінде. Тоңазытқыш маңында босаған шишалар домалап жатыр. Жігіттер теңселеді. Қыз да қалыспайды. Құлап калатындай әр жігіттін құшағына бір сүңгиді. Жанындағы «әтештерге» барлық еркіндікті беріп қойған. Бірі шашынан сипайды, бірі бетінен сүйіп, беліне жармасса, енді бірі мойнына асылады. Қаңғыған қолдар мықынды да қармайды. Омырау түймелері ағытылып кеткен. Әдеміліктің ғұмыры сонымен тәмам. Сұлулық таланып жатты. Оған себеп – әзәзіл арақ. Ол жайшылықта тәкаппар арудың ұятын ұрлады. Бұл бір ғана мысал ғой. Әйтпесе ар-намысын арақ жеңген сұлулар сұсты қаланың қай бұрышынан да табылады. Мен кейде қазақ қыздарының тағдырын балмұздаққа ұқсатамын. Балмұздақ болғанда да – еріген балмұздаққа…
    Жуырда әлгі бейтаныс бойжеткеннен балмұздақ сатып алдым. Оның бірін өзіне силадым.
    – Бұдан былай сен менің қарындасым боласың, – дедім.
    – Неге? – деді ол танданып.
    – Теріс қылықтарыңды көргенде ұрса алатын боламын.
    – Ал ұрсыңызшы. Қандай теріс қылығымды көріп тұрсыз? – деп жымиды ол.
    – Мен сені күн сайын көріп тұрамын. Таңертең әдемісің, кешке…
    Ол әңгіменің төркінін түсінгендей болды. Ұялып төмен қарады.
    – Міне, танертең осындайсың. Ұятыңмен сұлусың. Бөтен көз сенің қашанда осындай болғаныңды қалайды. Түсте де, кеште де – барлық уақытта.
    Бойжеткен көзін төңкеріп маған мейірлене қарады. Содан бері мені көрсе ағасын көргендей қуанатын болды. Баяғыдай емес, өзгерді. Жыл жарым еткенде тұрмыс құрды. Кейіннен тойына шақырды. Бара алмайтынымды айтып, бір орам роза гүлін сыйладым.
    Меніңше, ақ бантигімен жаңа қоштасқан қазақтың барлық бойжеткендеріне қазақтың барлық жігіттері қарындасым деп қарауы қажет. Қыз баланың қылықты болуы мейірімге байланысты. Мейірім жоқ жерде нәзіктікке қатер көп. Ол өзінің бүкіл қасиетімен қош айтысады. Ал оның қайта қалпына келуі өте қиын. Көп жағдайда біз осы мәселеге көңіл аудара бермейміз. Ер-азаматтардың намыссыздығынан қара көз қыздарымыз олармен қатар тұрып шылым шегетін болды. Бір дастархан басында отырып стақан қағыстыруға қымсынбайды. Бірге мас болады. Неге бұлай? Құдайым-ау, ол ертең келінің болып босағаңнан аттайды. Сонда қайтесің?!.
    Ғылымда ер адамға қарағанда әйелдердің маскүнемдікке тезірек бейімделетіндігі дәлелденген. Олардың жаңа өмір бастап кетуі екіталай. Оларға сезіммен күресу тым қиын. Сондықтан болар тұнығын лайлаған адаммен ол ешқашан тікелей күреске бел шеше кіріспейді. Өзін-өзі мүжиді, бүлінеді. Тағдырға мойынсұна береді. Оған тірек осындайда керек, мейірім сондайда қажет. Қорғансыз әйел қай қоғамда да салауатты ғұмыр кеше алмақ емес.
    Қазір қазақтың бет-бейнесі айғыздалып жатыр. Соңғы кезде бүтіндей бір ұлттың өзегіне құртша меңдеп бара жатқан жезөкшелікке байланысты да көп айтып жүрміз. Емін таба алмай егілеміз. Тән саудалау аруларымыздың табыс көзіне айналып отыр. Бұл «бизнестің» ағыны қатты. Өз қызымызға өзіміз күдікпен қарайтын болдық.
    Шошындыратыны – сол жеңіл жүрісті бойжеткендер өз әрекеттерін ақтап алуға тырысатын секілді. Уақытша ғана «кәсіп» қой бұл, кезі келгенде басқаша да өмір сүріп кете аламыз дейді. Шындығында солай ма? Жуырда менің бір танысым олардың (жезөкшелердің) бәрі ішеді және күнде ішеді деген әңгіме айтып қалды. Оның себебі былай екен: Жезөкше өзгеге тәнін ғана емес, еркін де сататын керінеді. Ақшасын берген соң төсектес серігі кез келген өктемдікке даяр. Өзі су ішсе су, у ішсе у ішкізуге мәжбүрлейді. Көнбесе байқұс әйелге көк тиын да татырмайды. Жезөкшеліктің ғұмыры келте. Алайда жеңіл жүрістен арылған әйел – маскүнемдікпен күресуге дәрменсіз болып шығады. Біздің қоғамға осылайша бір қасірет екінші бір қасіретті жетектеп келеді, Қарсы тұрар күш, қайран жоқ.
    Арақ ішу – сыйластықтың символы емес. Алайда, біздің қазаққа бәрібір. Бас қоса қалса амандықты бөтелкенің түбінде отырып сұрасады. Ішетіні ішпейтінінен алып қоюды қиыла өтінеді. Өкініштісі осы әдет өнеге ретінде қабылдана бастағандай. Басқаларды былай қойғанда, бұл індет ардақ тұтар әйелдер қауымына да қармақ сала бастады. Басқасын былай қойғанда қазақтың ежелгі «бастаңғы» дәстүрін де бүгінгі таңда мүлде басқаша сипатта «жалғастырып» келеміз. Ол әйелдер үшін шөлмек босатуға ғана себеп. Бұған енді не дейсіз?! Дәстүрді «көңіл көтерудің» ермегіне айналдырып жүрміз. Басқа мағына көріп отырған жоқпын.
    Арнайы ұйымдасып арақ ішуді салтқа айналдыра бастаған әйелдерді кешкілік мерзімде жаздық кафелер мен барларда жиі ұшырастыратын болдық. Әсіресе базардан қайтқан саудагер келіншектердің қарқыны қатты. Әңгімелеріне құлақ түрсеңіз көңілің құлазиды. Олардың күнделікті тапқан табысының бір парасы осындай жұғымсыз кештерге жұтылатын көрінеді. Масаң әйелдің еркекке карағанда ибаны да, иманды да тезірек ұмытатынын аңдағандай боласың.
    – Күйеуім жарылардай әзер отырған шығар, жалмауыз, – дейді бір келіншек.
    – Менікіне бәрібір, – дейді екіншісі.
    – Олардың бізде шатақтары не? Ақша тауып жатқан біз. Қашан кетеміз, қашан келеміз – өзіміздін еркімізде, – дейді үшінші келіншек.
    – Маған да бір бай тауып берсеңдерші-ей, – дейді енді бірі.
    – Табамыз.
    – Табылады.
    – Ө-ө-өей, не кыласың сен оны? Қазір аңдар да жалғыз жортатын көрінеді. Жеміне басқаны ортақтастырғысы келмейді.
    – Байсырап жүр ғой дейсіңдер ме. Менікі жай, оттаған әңгіме ғой, – дейді әлгі келіншек.
    Әрине, барша тауқыметті мойнымен көтеріп, бала-шағаны асырауды өз қолына алған әйелдер қауымын қадірлегенге не жетсін. Алайда олар өз қадірлеріне өздері жете бермейтін секілді. Әрбірден соң өз отбасының амандығы үшін тапқан табысы мен еткен еңбегін біреудің алдында бұлдауға ешкімнің де хақысы жоқ шығар. Мейлі ол әйел, мейлі ол еркек болсын. Бұл өмірге деген кұштарлығыңның өтеуін өзгеден талап етумен бірдей нәрсе.
    Жасыратын несі бар, қазір кейбір әйелдер күйеуінің, кейбір еркектер әйелінің ішпейтіндігімен мақтанатын болды. Қайсыбір балабақшаларда ата-аналар жиналып бүлдіршіндердің көзінше стақан қағыстыратын болды. Мектеп мұғалімі оқушысын дүкенге жұмсап, бірігіп бас жазатынды шығарыпты. Әлдебір әжеміз жетпістегі шалына арақ қойдыра алмай әлек. Ал оның баласы күні бойы тәлтіректеп көшеде жүреді. Бұл аз десеңіз кимешегін сүйреткен кемпірлер де жиналып алып тост үстінде «мәслихат» құратын болған. Келіндері шай қамдаумен қатар ара-арасында дүкенге жүгіріп әлек, шиша тасиды. Ары қарай әңгіме желісі «Әй қыз, алып қоймен» жалғасады. Қанша апат болса да қаймағы бұзылмаған қайран ауылды осылайша әзәзіл айналдырып барады. Тоқтамға шақыратын үлкендердің тірлігі әлгіндей. Кезіңде ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ауылдың мілисалары сияқты еді, салт-дәстүрдің сақшылары сияқты еді. Айықтырғышы жоқ ауылда ішуден басқаны білмейтін пендені жөнге салатын да солар болатын. Біз қазір мектепте оқитын немересі атасынан шылым сұрағанды, әжесінен араққа ақша талап еткенді де көріп жүрміз. Енді бір қарасаң, қызара бөртіп алып көшеде көрінгенмен байланысып жүрген жасөспірімдерге көзің түседі. Басқа емес, жасөспірім. Қаршадай баладан дүйім жұрт айналып қашады. Намыс өліп қалғандай.
    Осыдан бірер жыл бұрын Алматының маңындағы бір ауылда пәтерде тұрдым. Қырықты алқымдаған көрші қазақ күнде ішетін. Кешкілік отбасында «майдан» басталатын. Әйелі еліктей ғана кішкентай қызын көтеріп көшеге қашатын. Кейде көршілерге кіріп, бас сауғалап жүретін еді. Түнеп те қалатын. Артық сөзі жоқ әдепті келіншек болатын. Бір күні оның өзі мас. Жүйкесі әбден жұқарған екен, өмірге, өзіне, күйеуіне лағнет айтып ауланың ішінде кішкентай қызын ана бұрышқа бір, мына бұрышқа бір сүйрейді. Шыр-шыр еткен бейшараны жағынан тартып-тартып жібереді. Арашаға түстім. Ол да тез сабырға келді. Содан соң көздері боталап, өксігін баса алмай әрең тұрған қызының басынан сипап, бауырына басқаны сол еді: «Мама, енді ішпеші» деді ол даусы дірілдеп. Келіншектің көзінен жас ыршып кетті. «Жаным… Жаным менің… Ішпеймін… ішпеймін…»
    Менің байқауымша бала атаулы басқа-басқа анасының ішкенін қабылдай алмайды, қаламайды. Баланың Алласы – анасы. Оған одан басқа құдай жоқ. Әзәзіл иектеген әйелге баланың қарсылығы бәлкім, содан да шығар. Ол өз Құдайын аласартқысы келмейді.
    Жаратушы қызылшақа нәрестені о баста еркектің құрсағына емес, әйелдің жатырына салғанда, оның ақтығы мен пәктігіне, нәзіктігі мен ұстамдылығына үміт артқан шығар, сенген болар. Шынымен солай болса, сол үміт пен сенімнің айдынын лайламау – баршамыздың борышымыз.
     
    Жарас Сәрсек
    http://kazgazetteri.kz/
    Просмотров: 887 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz