Қылмыс «жасарды». Кім кінәлі? - 24 Мая 2010 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:45
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Мамыр 2010  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2010 » Мамыр » 24 » Қылмыс «жасарды». Кім кінәлі?
    19:54
    Қылмыс «жасарды». Кім кінәлі?

    Ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатердің бірі – қылмыстың «жасаруы». «Компьютер ғасыры» біздің ұлтты лас мәдениетпен улап жатыр. «Жұмбақ жәшікке» көгенделген көгенкөздер азғындық экспансиясының құрбанына айналудың аз-ақ алдында тұр. Ең қорқыныштысы сол, ерте есейген бойкүйез «боқмұрындар» орекеңдердің «жынды суына» сылқия тойып, есіктен кіріп есімізді шығарған есірткіге елітіп жүр. Дәлел керек пе, мінекиіңіз. Тәртіп сақшыларының құрығына бір тәулікте 1,5 мыңнан астам жасөспірім ілінген. Солардың 400-і – «тентек суға» тойып алғандар.
    Қылмыс жас талғамайды
    Ресми статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда 18 431 бала ішкі істер мекемелерінде «әлсіз топтар» (группа риска) есебінде тұр. Ал 2 654 жүгермекке әртүрлі қылмысы үшін үкім шығарылып, темір торға қамалған. Олардың 619-ы – 14 пен 15 жастағы және 2035-і – 16 мен 17 жастағы жасөспірімдер. Жағаңды ұстататыны сол, бір ғана 2009 жылы «жынды судан» ұрттап алып, ақылынан алжасқан 16 жасқа дейінгі 360 жасөспірім жасаған қылмыстары үшін жазаға кесілген. Бұл бір.
    Екінші дәлел. Денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталығының мәліметтері бойынша, еліміздегі 11 мен 16 жас аралығындағы бозбала-бойжеткендердің 180 000-нан астамы (дәлірек айтсақ, 182 000) көк түтінге құмар. Ал егер осы жас аралығындағы барлық балалардың саны 1 млн 518 мың екенін ескерсек, бозбала-бойжеткендердің 12 пайызының ағзасы никотинмен уланды деп есептеу керек. Онымен қоса, кішкентай есірткі құмарлардың қатары да көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп барады. Мысалы, тіркеу­ге алынған 3 681 (ал алынбағаны қаншама?..) «боқмұрын» нашақор, токсикоман және психотроптық заттарды тұтынушылардың 600-ден астамы – 14 жасқа дейінгі жас өскіндер.
    Әрине, қоғамдағы қылмыстың «жасаруына» соңғы кездері әлеуметтік жетімдіктің қанатын кеңге жаюы да ықпал етуде. Өйткені арақтың кесірінен шаңырағы құлаған жандардың балалары далада қалып, қаңғыбас, қайыршы, ұры-қарылардың қатарын толықтыруда. Мұндайлардың әзірше ресми тіркелгені – 6 123. Бұл сан осыдан екі немесе үш есеге көп болуы да мүмкін.
    Мектеп білім ұясы ма, қылмыс ұясы ма?
    Жасыратыны жоқ, жаңа ғасырдың «білім ұялары» қылмыс ошағына айналып барады. Олай дейтініміз, құзырлы мекеме – Ішкі істер министрлігінің өзі мектеп оқушыларының арасындағы қылмыстың өршуіне алаңдаушылық білдіруде. Мысалы, ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, республика бойынша 2010 жылдың қаңтар айында ғана мектеп, лицей, гимназияларда 184 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас көрінеді. Сонымен қатар бірқатар аймақтарда кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысқа бару фактілерінің өсуіне жол берілген. Бұл мәселе айтылмай жүрген жоқ. Былтыр Елбасының елменен тікелей эфирде жүздесуі кезінде де көтерілді. Бірақ айтылған сөзден нәтиже бар ма?
    Әрине, құзырлы министрліктегілер де қол қусырып қарап отырған жоқ. Қаршадай қылмыскерлердің әрекеттеріне тосқауыл қою үшін «мектептегі инспекторлар» институтын құрыпты. Олардың саны шамамен 1500 адамға жетеді. Сондай-ақ ахуа­лы ауыр отбасылардың кәмелеттік жасқа толмаған балаларын ақысыз-пұлсыз спорт залдарына апару, әртүрлі үйірмелерге тарту жұмыстары қолға алыныпты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап «Мектептердегі құқықтық тәртіп» атты кешенді іс-шаралар өткізілуде.
    Міне, осы акцияның алғашқы күнінде ішкі істер органдарына құқық бұзған 1,5 мыңнан астам кәмелетке толмаған балалар жеткізілген. Соның ішінде 400-і – мектеп қабырғасында спирттік ішімдіктер ішіп ұсталғандар. Оның сыртында, құқық қорғаушылар мектепке «қолын бір сілтеп», оқудан шығып кеткен 500-ден астам баланы қолға түсіріпті. Тағы 66 бала түн жамылып ғаламтор-кафелерде және компьютер клубтарында үлкендердің «көмегінсіз» сайрандап жүрген жерінен ұсталған.
     
    Әрине, мұрнынан тізе берсек, мұндай дәлелдерді өте көптеп келтіруге болады. Ел аумағында қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы орайда біз ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің Профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Қаныбек Жақсығалиевпен тілдестік. Ол айтады:
    «Біз қарап отырған жоқпыз. Өзге де мемлекеттік органдармен бірігіп, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын тұрақты өткізіп жатырмыз. Сондай шаралардың нәтижесінде, соңғы бес жылда бұл бағыттағы қылмыстардың өсуін тежеп, оны жыл сайын 6-7 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, қазіргі кезде кәмелеттік жасқа толмағандарға ересектерсіз ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынған. 21 жасқа дейінгі жастарға алкогольдік өнімдер сатылмайды. Алайда ахуал біз ойлағандай емес. Мысалы, 2009 жылдың тамызы мен 2010 жылдың қаңтары аралығында жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, түнгі клубтарда балалары алаңсыз ойын ойнап жүрген 2 мыңнан астам ата-аналар әкімшілік жауапқа тартылды.
    Өткен жылы республикалық ауқымда «Жасөспірім», «Сабақ», «Есепке алу» атты іс-шараларды өткіздік. Соның нәтижесінде, ішкі істер органдарына 24,5 мыңнан астам кәмелетке толмағандар жеткізілді. Соның ішінде 11 мыңнан астамы – әкімшілік құқық бұзушылар, 34-і – әртүрлі қылмыс жасағандар, ал 6 мыңға жуығы спирттік ішімдіктер ішіп, 60-ы – есірткі заттарын қолданғандар. Біз жас өскіндерді «жынды сумен» улаған 40 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Яғни балаларды қаршадайынан қылмысқа итермелейтін үлкендердің өзі. Жоғарыдағы шаралар барысында жасөспірімдерге алкогольдік өнімдерді сатқан 700-ден астам, темекі өнімдерін сатқан 500-ден астам фактілерді анықтадық. Атап айтарлығы, жасөспірімдер қылмысына көбіне-көп отбасындағы ахуалдың қолайсыздығы себеп болады. Бүгінгі күні ішкі істер органдарының есебінде 20 мыңнан астам баланы тәрбиелеп жатқан ұзын-саны 13 мыңнан астам ахуалы қолайсыз отбасылар тіркеуде тұр. Біз заң шеңберінде балалардың құқықтарын қорғауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
     
    Мәселен, өткен жылы бала тәрбиелеуде ата-аналық міндеттерін атқармаған 4 мыңнан астам адамды әкімшілік жазаға тарттық. Соттар ішкі істер органдарының материалдары бойынша 1 168 шешім шығарып, соншама адамды ата-аналық құқығынан айырды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды ұрып-соғу фактілері бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Жас балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін ІІМ «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын әзірледі. Ол жоба қазір Мәжілісте қаралуда».
    Компьютербасты жарты балалар
    Иә, ақпаратқа толы бүгінгі өмірімізді «жұмбақ жәшіксіз» елестету әсте мүмкін емес. Әрине, компьютерлік технологиялар дамыған сайын білімнің көкжиектері де кеңейе түсетіні даусыз. Алайда жүген салынбаған жаһантор да, әр үйдің төріндегі тексіз «жұмбақ жәшік» те лас дүниеге тұнып тұр. Бұл білген адамға ауызын арандай ашқан аждаһа емей немене?!. Пайдасынан зияны көп «жұмбақ жәшіктің» жас балалардың психикасына кері әсер ететінін айтып, халық қалаулылары да биік мінберден дабыл қағып жатыр. Сәрсенбі күні Мәжілістің алқалы жиынында мәжілісші Майра Айсина осы тақырыпта Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
    М.Айсина айтады:
    «Балалардың құқығын қорғау жөнін­дегі комитеттің мәліметтері бойынша қазір елімізде сағат 10.00 мен 24.00-дің аралығында жұмыс істейтін 698 компьютер клубы бар. Оның ішінде, 51 клубтың қалайтындар үшін тәулік бойы есігі ашық екен. Күн сайын оларға 7500-ден астам бала барса, соның ішінде 2 мыңнан астамы – 7-9 жастағы, ал қалғандары – 12-18 жастағы балалар. Ал олар клубта не істейді? Әрине, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру қойылымдарымен жасалған ойындарды ойнайды. Одан қала берсе, кейбір клубтарда ешқандай лицензиясы жоқ жыныстық қатынасты көрсететін бейнеойындар да бар. Бұлар әр баланың рухани жағынан өсіп-жетілуіне теріс ықпал етеді.
     
    Республикалық психиатрия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарының айтуынша, сондай клубтарға баратын 12-13 жасар балалардың 80 пайызының физиологиялық биоырғағының бұзылуы, 10 пайызының жүйкесінің жұқаруы байқалған. Сондай-ақ психиатр-мамандар әрбір бесінші оқушының басының ауыруы, нашар ұйықтауы, әрбір үшінші оқушының көзінің көруі нашарлағанын тексеріп, анықтапты. Онымен қоса, клуб иелері қалтасында ақшасы жоқ балаларға лас ойындарды тегін ойнауға мүмкіндік беріп, оның ақысына жұмыс істетіп қоятын жағдайлар да кездеседі. Мұндай «қамқорлық» әр баланы тәулік бойы клубтан шықпауға шақырады.
     
    Ал ондағы ойындарға есі кеткен бала сабақтан қалғанымен қоймай, үйіндегі әке-шешесімен, өз мұғалімдерімен жанжалдасуға дайын тұрады. Қандай жолмен болсын компьютер клубына баруы үшін әке-шешелерінен ақша ұрлайды. Онсыз да психикасы тұрақсыз балалар аса қатыгездікпен кісі өлтіру, тау болып үйілген мәйіттер, ұйып қалған қарақошқыл қандары бар ойындарды бірнеше рет ойнаған соң, олардың неліктен ызақор, қатыгез және күйзеліске бейім болатынын жорамалдау қиын емес. Яғни компьютерлік тәуелділіктің алкогольдік, нашақорлық тәуелділіктен ешқандай айырмасы жоқ. Тоқетері сол, біз баладан айрыламыз. Олар болса ойдан шығарылған лас әлемге еніп кете береді. Сондықтан да бүгінгі біздің салғырттығымыз ертеңгі күні қайғылы жағдайға әкеліп соқтырмас үшін алдын ала іс-шараларды жүзеге асырғанымыз абзал».
    Тобықтай түйін
    Қаршадай қылмыскерлердің қатарының көбеюі қазақ қоғамындағы санасы ояу жандардың барлығын қатты алаңдатып отыр. Компьютерлік ойындардың лас экспансиясы күннен-күнге күшейіп келеді. «Жұмыртқадан жүн қырыққан» кейбір пысықайлар балалардың болашағына балта шабу арқылы байып жатыр. Компьютерлік «құмарлыққа» заң жүзінде шектеу қоятын кез келді. Жасыратыны жоқ, бізде ең алдымен заң әлсіз. Ал заңы әлсіз елден зар кетпейді. Өткен жылы білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев балаларға арналған ұлттық компьютерлік ойындардың шығарылатынын айтып, жалпақ жұртқа жар салған. Алайда оның арты сиырқұйымшақтанып кетті. Ештен кеш жақсы. Бүгінгі байлам – қаршадай қылмыскерлерге қарсы күресті күшейтуіміз керек. Әйтпесе құрдымға құлатар қылмыстың арыны қатты. Бүлдіршіндеріміздің санасын жұлқылап жатқан сұмдықтарды саусағыңызды бүгіп санай беріңіз: арақ, есірткі, темекі, компьютер, түнгі клубтар, ойын автоматтары, маскүнем ата-ана...
    Автор: Төлен ТІЛЕУБАЙ
    Астана
     
    Просмотров: 2093 | Добавил: наркология | Рейтинг: 4.0/1
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz