ПСИХОЛОГ, ПСИХИАТР ҚЫЗМЕТІНЕ МӘН БЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ - 6 Декабря 2009 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:47
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Желтоқсан 2009  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2009 » Желтоқсан » 6 » ПСИХОЛОГ, ПСИХИАТР ҚЫЗМЕТІНЕ МӘН БЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ
    15:44
    ПСИХОЛОГ, ПСИХИАТР ҚЫЗМЕТІНЕ МӘН БЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ
     
     
     
    Бүгінде психикалық сауықтыру ісі – қоғамда жалпы өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етпек. Байқап отырсаңыз, қазір мінез-құлқындағы ауытқулары бар, ақыл-есі кем жандар саны артып, отбасы, жақындары үшін де, қоғам үшін де үлкен мәселеге айналып отыр. Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының директоры, профессор Сағат АЛТЫНБЕКОВПЕН әңгімеміз осы проблемалар төңірегінде өрбіді.
    – Сағат Әбілқайырұлы, еліміздің бас психиатр-наркологы ретінде сізбен әңгімемізді ең алдымен республикадағы психиатрия саласының бүгінгі ахуалынан бастасақ. Мәселен, жүйке ауруымен науқастанатын қанша ауру есепте, қай аймақта жиірек кездеседі, қанша емдеу мекемесі бар, ондағы мамандар жеткілікті ме дегендей...
    – Психикалық денсаулық – ұлтымыздың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін құрастыратын ең бір маңызды ұғым. "Психикалық ауру” – адамның күндегі іс-әрекет қабілетін бұзатын, көптеген нақтамалық күйлерді көрсететін жиынтық термин болып табылады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) деректері бойынша, халықтың 25 пайызы әртүрлі психикалық бұзылудан зардап шегуде. Қазіргі кезде республикамызда психикалық сауықтыру саласында 3 республикалық, 33 психиатриялық және 31 наркологиялық ұйымдар, 177 психиатриялық, 183 наркологиялық және 42 аймақтық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі психиатриялық кабинеттер қызмет көрсетеді.
    Соңғы 10 жылдағы ауру-сырқау көрсеткішінің көбеюі негізінен ақыл-есі кем, органикалық психикалық науқастар есебінен туындады. Шекаралас деңгейдегі бұзылулар ресми деректер бойынша кем дегенде тұрғындардың 0,4 пайызында тіркеледі. Жалпы алғанда, жүйке ауруына, соның ішінде депрессияға ұшырағандар саны соңғы жылдары қай аймақта болсын көп тіркелуде. Яғни, еліміздің әр облысындағы жағдай әртүрлі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда 3 млн. халық тұрса, Атырау облысының тұрғындары 700 мыңдай. Десек те, жүйке ауруының өзінің бірнеше түрге бөлінетініне қарамастан, ауылда тұратын адамдар арасында соның бір формасы жиірек кездеседі. Ал қала тұрғындарында мүлдем өзгеше түрін көресіз. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 300 мыңдай адам есепте тұрады. Бұл нақты көрсеткіш емес, тек ресми дерек қана. Дерті дендеп кеткенше жасырынып, дәрігерге көрінуге намыстанатындар мен өзінің ауруға шалдыққанын білмей жүргендерді қосып айтар болсақ, 300 мыңнан анағұрлым көп. Өкінішке орай, жүйке ауруына шалдыққандардың дені өзіміздің қазақтар. Сондықтан психологтар қызметіне аса мән беретін уақыт жеткендей. Денсаулығы сыр берген адамдардың 25 пайызы депрессияға ұшырадым екен деп ойламайды. Бірден кардиолог, терапевт мамандарына барады. Сөйтіп, жүргенде уақытты да өткізіп алады, қалтасы да қағылады...
    – Білуімізше, 1997 жылы психиатриялық көмек және науқастардың құқығын қорғау жөнінде арнайы Заң шықты. Осы Заңның орындалуы қалай, аталмыш аурумен ауырған науқастардың емделуі қалай ұйымдастырылған? Үкіметтің осы аурумен ауыратындарға көрсетіп отырған көмегіне көңіліңіз тоя ма? Ортаға қауіпті, ақыл-есі кем, бұл аурудан айықпайды дейтін науқастардың тағдыры қалай шешілген?
    – Психиатриялық көмек және оны көрсету кезінде азаматтар құқының кепілі туралы Заң 1997 жылы жарық көрді. Бұл Заңды орындау барысында Қазақстан Республикасында демократияландыру тұрғысында біршама қайта құрулар жүргізілді. Олардың ең маңыздысы мыналар болып табылады:
    1) алғашқы куәландыру. Бұл дәрігер-психиатр емделушіге тек оның өзінің рұқсатымен кеңес бере алады деген сөз. Егер емделуші бала жасында болса, онда оның әке-шешесінің немесе олардың жақындарының рұқсаты керек. Егер оның өзіне немесе өзін қоршаған адамдарға қауіп туғызса, онда емделушінің рұқ¬саты қажет емес. Еріксіз ауруханаға жатқызу немесе жедел көмек көрсетілетін тізбе бар. Егер ықтиярсыз ауруханаға жатқызылса, прокурорды хабардар етеді.
    Психиатриялық бөлімшелерде – еркін тәртіп (өзі және басқалар үшін де қауіп тудырмайтын адамдар үшін). Психиатриялық көмек тұрғындар үшін қол жетімді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде психиатриялық көмек орталық аудандық ауруханаларда және алыстағы тұрғын пунктерде көрсетіледі. Психиатр кеңесі көпсалалы медициналық мекемелерге енгізілген.
    Бұл қызметтерге көңіліңіз тола ма дегенге келсек, кеңес өкіметі кезінде психиатрия және наркология саласы жетім баланың күйін кешкен. Қаржы да қажетінше бөлінбеді, қажетті қолдау да көрсетілмеді. Қазір тек қана біздің салаға емес, медицинаның басқа да салаларына, яғни, халықтың денсаулығын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Психиатрия мен наркология саласы басты назарда. Үкімет қаржы жағынан аянып отырған жоқ.
    Ортаға қауіпті, ақыл-есі кем, бұл аурудан айықпайды дейтін науқастар өз ісіне жауап бере алмайды. Олар қылмыскер емес, науқастар. Өкінішке орай, елімізде мұндай адамдар көбейіп келеді. Бүгінгі күні Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада 850 орын бар. Қазір онда мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді.
    – Рас айтасыз, деректерге қарағанда бүгінде психикалық, яғни жүйке ауруына шалдыққандар көбейгенімен қатар, жасарып барады. Тіптен дүние жүзінің дәрігерлері алдағы уақытта жүйке ауруымен ауыратындар саны күрт өседі деген болжам айтуда. Бұған осы саланың кәсіби білікті маманы, ғалым ретінде не айтқан болар едіңіз?
    – Психикалық бұзылу саны тек өзіндік психикалық бұзылу есебінен ғана көбеймейді, ол негізінде экологиялық фактор мен психологиялық титықтауға жататын "психосоматикалық аурулар” деп аталатын жағдаяттар есебінен де көбейіп келеді. Қоғамдық-экономикалық формацияның өтпелі кезеңінде бұл факторлар саны еселеніп келеді (көші-көн, кәсібінің өзгеруі және т.б.) Өзіндік психикалық аурулармен қатар психикалық белсенді заттарды қолданушылар саны да өсе түсуде, мұның өзі олардың ұрпағында да із қалдырады (әке-шешесінің тірі екеніне қарамастан жетімдіктің байқалуы). Сондықтан депрессияға шалдыққандар күннен күнге көбеюде. БДҰ сапаршылары бұл жерде әлем бойынша жинақталған мәліметтерге сүйеніп отыр.
    Енді жүйке ауруы неге көбейіп барады дегенге келейік. Ең алдымен, қоғамдағы өзгерістер, әсіресе, әлеуметтік саланың нашарлауы жүйкесі жұқа адамдарға қатты әсер етті. Жұмыссыздық, халықтың тұрмысының төмендеуі, жетіспеушілік, тағы басқа себептер. Депрессия жас талғамайды. Жастарымызға ақылы білім алу, ертеңгі күніне деген сенімсіздік өз салқынын тигізді. Азаматтарымыз үйде жұмыссыз отырып қалды, оған үйрену оңай шаруа емес. Ал мұндай жағдай кез келген адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Ең өкініштісі, жастар арасында нашақорлар, токсикомандар көбейді. Ал нашақорлық – жүйке ауруының ең ауыр түрі. Ресми дерек бойынша, бізде 54 мың нашақор есепте тұрады. Бұл да нақты көрсеткіш емес. Біз өзіміз зерттеу жүргізгенде олардың саны 300 мыңнан асатынын анықтадық. Жанға бататыны, олардың 70 пайызы отыз жасқа дейінгілер.
    – Тағы бір мәселе, әрі қорқыныш тудырары, бүгінде жастардың, ересектердің болсын өз-өзіне қол жұмсап, өмірлерін қия салуы көбеюде. Соның себебін немен түсіндіресіз?
    – Жоғарыда айтылған факторлар адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауын, мұның ішінде жеткіншектер арасында қол салуын тудырады. Басты маңызды фактор - бұқаралық ақпарат құралдарының неше түрлі ақпараттарды таратуы. Әсіресе, көгілдір экранда көрсетілетін фильмдердегі насихатталынатын кісі өлтіру, өзіне қол салу, зорлық-зомбылықтар оларды шектен тыс келеңсіз жағдайларға итермелейді.
    – Оқырмандарымызға түсінікті болсын, психиатр, психолог, психотерапевт деген мамандықты жіктеп айтып берсеңіз. Өйткені, ХХІ ғасырда отырып, күйзеліске түскен адам бірден маманға барудың орнына, әлі күнге емшіге жүгінеді, болмаса көрші, әріптестеріне, құрбыларына айтып, ақыл-кеңес сұрап жатқаны. Ал шетелде қалай, тіпті күрделі жағдай емес, үйішілік мәселенің өзін олар осы мамандар арқылы оңай шеше қояды. Жалпы, маман ретінде осы мәселе жайында ойыңызды білгіміз келеді.
    – Психиатр – психиатриялық бұзылулар кезінде көмек көрсететін дәрігер-маман. Психотерапевт – түрлі психотерапевтік көмек көрсететін психиатр-дәрігер. Психотерапия – дәрі арқылы емес, "сөз” арқылы сенім, түсіндіру, иландыру арқылы әсер, ықпал ету.
    Психотерапия әдістері бірнеше жүзге дейін баратындай өте көп. Психолог – дені сау адамдарға (жекеше топ ішілік, отбасылық) түзету көмегін көрсететін жоғары психологиялық білімі бар да, медициналық білімі жоқ маман. Халық медицинасы өкілдеріне алғаш рет барып көрінуде, бұқаралық ақпарат құралдары біршама рөл атқаратын психиатрияның ерекше белгілері арқылы түсіндіріледі. Олар көбіне көп психиатриялық аурухананы "жындыхана”, "есі ауысқандар үйі” деп насихаттап, дұрыс емес көзқарас тудырады. Бұл мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың жеткіліксіз хабардарлығы мен халықтың сауаттылығы жоқтығы кінәлі. Басқа бір жақтан қарағанда тұрғындардың халық медицина өкіліне қаралуы, халықта діни нанымдарының өсіп-өркендеуінен де туындайды.
    – Қазір қоғамда қылмыстың неше түрі жасалып, одан құтылудың жолын іздестірушілер сіздер арқылы жол тауып, жалған анықтама алып, одан артынша наразылық білдірушілер кездесіп жатады. Еліміздің бас психиатры ретінде айтыңызшы, мұндай жағдай қаншалықты кездеседі? Алдағы уақытта бұл мәселені бақылауға алудың, болдырмаудың жолдары қарастырылуда ма?
    – Сіздердің қылмыскерлер "дәрігерлер” арқылы жол тауып, жалған анықтама алып, жалған құжаттар алады деулеріңіз тым қисынсыз. Себебі, құқық бұзуды жасағандар немесе психикалық науқас деп табылғандарда тұрпатты әлеуметтік демографиялық деректер болады. Оларға жеке басында баспанасы жоқ, түпкі¬лікті тұратын жері анықталмаған, жұмыссыз немесе біліктілігі төмен жұмыстарда істейтін, тұрмыс және отбасылық қарым-қатынастарға бейімсіз, яғни әлеуметтік қызмет және өмір сапасының төмен деңгейіндегі жандар жатады. Бұл деректер орталықтың ғылыми зерттеулерінен ресми түрде алынып, әрі дәлелденді. Қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасайтын науқастардың алдын-алу практикалық және ғылыми медицинаның құзырына ғана жатпайды, бұл мәселеге мемлекет, бүкіл қоғам түгел қатысуы керек. Үлкен экономикалық шығынды қажет ететін әлеуметтік-оңалдыру көмегі, емдеу психиатриялық көмек өз деңгейінде көтерілуіне қарамастан, тым нашар көрсетіледі. Қазіргі шақта өмірге қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған. Психиатрияда бүкіл әлемде қолданылатын ең соңғы және зиянсыз дәрілік заттар пайдаланылады.
    – Сағат Әбілқайырұлы, маман ретінде осы бір кеселдің алдын алуға қандай кеңес бересіз...
    – Ең бастысы – сауықтыру жұмыстарына көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде дүние жүзінің психиатрлары тиімді пайдаланып жүрген әдіс-тәсілдерді салыстырып, соның ішінен керегін іріктеп аламыз. Осы жөнінде арнайы жоба жасап, министрлікке ұсынғанбыз, басшылар онымызды қолдады.
    Ең бастысы, ата-аналарға айтарымыз, біріншіден, нәресте дүниеге келгеннен кейінгі дәрігерлік бақылауға, екіншіден, мектеп жасында, жасөспірім шағында баланың психикасының өзгеруін бақылауға алу керек. Сол сияқты ересек адамның өмірінің әр кезеңіне де бақылау, генетикалық бақылау, тексеру жүргізу артықтық етпейді. Соңғы жылдары бұл аурудың жеңіл түрімен ауыратындар саны көбею үстінде. Олар өздерін ауру санамай, психиатрға барып емделмейді. Осы жағдайды болдырмау үшін біздің орталықтан арнайы психосоматикалық, психотерапиялық бөлімше аштық. Егер жақындарыңыздың мінез-құлқынан сондай ауытқулар байқалса, осы бөлімшеге тегін келіп емдетулеріңізге болады.
    – Әңгімеңізге рахмет.
    Авторы: Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
    «Егемен Қазақстан» газетінен алынды

    Просмотров: 1915 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz