Қорқор тартып... қор болдық! - 23 Июля 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:47
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Шілде 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Шілде » 23 » Қорқор тартып... қор болдық!
    13:18
    Қорқор тартып... қор болдық!


    Қазақстанда қорқордың да басына қара бұлт төніп келеді. Нақтырақ айтқанда, шылымның аяғына шылбыр ілінген сәттен бастап-ақ қорқор құмарларға да қоғамдық орындарға тыйым салынған еді, алайда заңда «қорқорға арналған табак» деген арнайы сөздің болмауы бұл зиянды әдетке әуестерді құтқарып қалған болатын. Дегенмен Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының мамандары қорқордың да табак өнімдері арқылы әзірленетінін, демек, шылымға қатысты тыйымдардың бәрі заң жүзінде қорқорға да билік жүргізуі қажеттігін айтып отыр. Заңның томпақ тұсын іздеу - қашаннан бергі зиянды әдет. Әзірге қоғамдық орындарда қор­қорға іс жүзінде тыйым жоқ. Де­путаттар болса, алдымен қорқор­дың құрамын зерттеу, оның адам денсаулығына қандай әсері барын анықтау қажеттігін алға тартып, бар жүкті Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің мойнына артып қой­ды. Әйтпесе біздікілер болмаса да, Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының өзі әлдеқашан-ақ қорқордың шылымның зиянсыз балама түрі еместігін, қайта одан адамға тиетін зиянның мөлшері асып түсетінін әлдеқашан әйгілеп қойған. Сонымен не керек, қор­қормен күреске «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы кіріспек. Коалиция директоры Жәмилә Садықова ойын-сауық орталықтарында қор­­қордың еркін түрде тұтыну­шыларға ұсынылып жатқанын айтады. Көңіл көтеру орын­дарының иелері бұл орайда заңда қорқорға тыйым салынбағанын, мұндай шектеудің тек табак өнім­деріне ғана қатысты екенін алға тартатын көрінеді. Олардың айт­уынша, бұлар ұсынатын қорқорға табак емес, тек қана ароматты дәм­деуіштер ғана қосылады-мыс. Жәмилә Садықова бұл сөздің тек көзбояушылық екенін айтып, зиянды әдетті түбірімен жұлу үшін, заңға «қорқорға арналған табак» деген арнайы термин қо­суды ұсынып отыр. Бұл ұсыныс Мәжіліске жол тартып кетіпті...
    Біздің билік осылайша ақ-қараны ажыратуды енді қолға алып жатқанда, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі қор­қордың денсаулыққа зияны темекіден кем түспейтінін дәлел­деп-ақ беріп отыр. Тәжірибе жү­зінде анықталғандай, қорқор тарт­қан адамның қанында кө­міртек монооксиді көбейіп кетеді екен. Бұл дегеніңіз қарапайым тілмен жеткізгенде, өкпеңіз қара күйемен боялады деген сөз. 1 тартқанда адам шамамен 10 ми­лиграмм табак тұтынады екен, ал бұл 5-пен 500 тал шылым тарт­қанда бойға сіңетін табак мөл­шерімен бірдей. Әрине, ол қор­қор­ға қосылған табактың мөлшері мен сапасына байланысты. Жә­ми­лә Садықова қорқор тартудың тек сол адамға емес, айнала­сын­дағы жандарға да зиян тигізетінін айтып отыр.
    - Сол үшін де қорқорды қоғамдық орындардан аластату қажет. Біз осындай мейрамханалар мен дәмханаларды аралағанда байқағанымыз, күніне шамамен 30-35 қорқор дайындалады екен. Әрбірін 5-6 адам тартатынын ес­керсек, елімізде қорқорқұмар­лар­дың саны көбейіп бара жатқанына оп-оңай көз жеткізуге болады. Өкініштісі, Әкімшілік кодекс бой­ынша мейрамханада аспаз бен даяшылар темекі не қорқор тартса ғана сол мейрамхананың әкім­шілігі жауап береді де, тұтынушы тартқан жағдайда жауапкершілік сол тұтынушыға жүктеледі. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз жауап­кершілікті тұтынушыға да, мей­рамхана әкімшілігіне де жүктеу қажет деп, өз ұсынысымызды біл­дірдік. Алла жазса, бұл өзгерістер үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қолданысқа енеді деген үміттеміз, - дейді Ж. Садықова.
    Салауатты өмір салтын қалып­тастыру ұлттық орталығы маман­дары болса, қорқордың зиянын айтып, дабыл көтергендеріне бір­неше жыл болғанын айтады. Ол уақытта қорқорқұмарлар мұнша­лықты көп емес еді, енді міне, онымен күрес те күрделеніп кетті. Орталықтың бөлім жетекшісі Ұлжалғас Жайлыбекованың ай­туын­ша, қорқордың зиянын бір­неше топқа бөліп әңгімелеуге бо­лады екен. Біріншіден, құрамында никотині бар зат - қалайда зиян. Шылым қалай зиян болса, қорқор одан кем емес. Рас, қорқорда су фильтрі бар, ол қорқор құра­мын­дағы зиянды заттарды жақсы сүз­гіден өткізеді. Бірақ қорқор тарт­қан адам түтінді темекіден гөрі көбірек соратынын ескергенде, оның зияны бірнеше еселеніп кетеді. Екіншіден, қорқор тартқан адамда құмарлық дерті пайда бо­лады. Шылымқор бір әуестен­геннен кейін темекіден қалай бас тарта алмайтын болса, қорқорға құмартқан жан да солай. Зиянды түтінді іздейді де тұрады. Үшінші­ден, қорқор көбіне бірнеше адам­ның тартуына арналған. Яғни қорқордың мундштук аталатын сору түтігін бірнеше адам пай­даланады. Гигиеналық тұрғыдан бұл өте зиян. Сілекей арқылы та­ралатын гепатит, герпес, тубер­кулез сынды сырқаттардың жұ­ғуы­на ықпал етеді. Төртіншіден, қорқор айналадағы адамдарға зиянын тигізеді. Қорқор шеккен адамның жанында отырғандар сол адамның өзінен гөрі көбірек уланады. Бесіншіден, қорқор тар­татындар көбіне спиртті ішім­діктерге де әуес келеді. Екі зиянды қатар тұтынғанда, оның ағзаға кері әсері де күшейе түспек.

     
    ҚОРҚОР ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

    Қорқордың тарихы да қызық. Білгішбектер оның Үндістанда пайда болып, кейін Азия, Солтүс­тік Африка арқылы Еуропаға жет­кенін айтады. Алғашқыда қорқор­дың ыдысы түтін жұтуға емес, бағалы тастарды сақтауға арналған екен. Кейін келе, қорқор пайдалы қызметтен бүгінгі зиянды қызме­тіне көшкен екен. Дегенмен шы­ғыс­та қорқорда табак емес, там­бакты тартқан. Тамбак - никотинге өте бай, әрі қара күйесі де мол зиянды зат. Еуропаға қорқор ХІХ ғасырда қол салған. Алайда мұнда қорқорды көңіл көтеруден бұрын ойлану үшін шегу мәдениеті қа­лыптасады. Еуропа ойшылдары­ның бәрі дерлік философиялық тұжырымдарын осы қорқордың көмегімен айтқан деген әңгіме де бар. Ал бүгінде қорқор - көңіл көтеру құралы ғана...

    ДІН ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?
    Ислам дінінде қорқор, шылым - жалпы табак өнімдерін тұ­тын­ған, сатқан не біреудің тұтынуына ықпал жасаған адамның бәрі де жазаланатыны айтылады. Соған орай қорқор әзірлеушілер де, оны тартқан адам да, тасымалдап, сат­қан адам да күнәдан құр қалмайды. Өкініштісі, қазір кальян-кафелер қатары көбейіп келеді. Мұнда кальянның түр-түрінің дәмін көру­ге болады. Алайда олардың бәрі де Алла алдында жауапкер.

    ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
    Бүгінде әлемдік тәжірибе Еу­ропа елдері ұстанымымен сәйкес келеді. Англияда қоғамдық орын­дарда шылым тартуға және қорқор шегуге сонау 2007 жылы-ақ тый­ым салынған. Бұл тәртіпке бағын­бағандарды - 2,5 мың фунт көле­мін­де айыппұл күтеді. Францияда да мұндай тәртіп 2007 жылы, ал Эстония мен Финляндияда 2008 жылы белгіленген. Сондай-ақ Бельгия, Кипр, Литва, Испания, Словения сынды бірқатар елде белгілі бір қонақүйлер мен мей­рамханаларда қорқор тартуға тыйым салынған. Қазақстан үшін де әлемдік тәжірибеге сүйеніп, қорқордан бас тартатын кез келген сыңайлы. Заң бар, енді тек әлсіз тұстарының бұғанасын бекі­ту ғана қалып тұр...

    Нұрболат Аманжол
    http://www.aikyn.kz/
    Просмотров: 894 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz