Нашақорларға қатаң жаза керек! - 24 Мая 2010 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:47
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Мамыр 2010  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2010 » Мамыр » 24 » Нашақорларға қатаң жаза керек!
    19:42
    Нашақорларға қатаң жаза керек!
    Бүгінде әлемді алаңдатып отырған нашақорлық дертінің елімізге дендеп енуі үлкен мәселеге айналды. Талай шаңырақтың шайқалуына, өрімдей бозбала мен бойжеткеннің теріс жолға түсуіне тікелей әсерін тигізіп отырған дерттің алдын алуға бола ма? Оған қандай шаралар қолдануға болады? Осы мақсатта Павлодар қаласында орналасқан, Орта Азия көлеміндегі жалғыз Нашақорлықтың медициналық әлеуметтік проблемаларын зерттейтін Республикалық ғылыми-практикалық орталығының бағыт-бағдарын, атқарып отырған жұмысын, дәрігер мамандарымен жете танысып, жақын білуге, сол арқылы орталықты жалпақ елімізге таныстыруды мақсат тұттық.
    Сонымен... Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 14 желтоқсандағы №1845 қаулысымен Нашақорлықтың медициналық әлеуметтік проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі бағыты: халыққа нашақорлық көмек көрсету нәтижелілігінің жоғары болуы; әлеуметтік медицина реабилитация орталықтарымен жүйелі желі болуы; наркологиялық қызметтің заман талабына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етуі; наркоситуациялық ғылыми мониторинг жүйе енгізуі секілді салаларды қамтуға арналған. Орталық басшысы Нұрлан Ережепов бізді ілтипатпен қарсы алды. Орталыққа басшы болып келгеніне жарты жылдай ғана уақыт болса да өз қызметінің бүге-шігесіне дейін білетіні аңғарылып тұр.
    Нұрлан Бұрханұлы: Біздің басты мақсатымыз — аурудың алдын алу
     
    - Нұрлан Бұрханұлы, сырттай естіп білсек те, орталықтың жұмысынан жұртымыз әлі бейхабар. Еліміз маң-дайына басқан жалғыз орталық қашан құрылды, қалай жұмыс істеп жатыр, бағыт-бағдары қандай деген сұраққа кеңірек тоқталып өтсеңіз.
     
    — ҚР Үкіметінің қаулысымен 2001 жылы Нашақорлықтың медициналық әлеуметтік проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығы арнайы құрылған. 2002 жылдан бастап халық игілігіне жұмыс істеп келеді. Орталық барлық облыстарға қызмет көрсетеді. Бұл жерде 140 төсек-орындық клиника бар. Емделушілердің барлығы әр облыстан берілген арнайы жолдама арқылы келіп ем алады. Республикалық деңгейде қызмет көрсететін болғандықтан, біздің мамандардың кәсіби біліктілігі өте жоғары. Мұнда 20 дәрігер, 20 ғылыми маман қызмет етеді. Медициналық талапқа сай. Технологиялық базасы үлкен.
    Орталық негізі 3 бөлімнен тұрады:
    1. Науқасты дәрі-дәрмекпен емдеу бөлімі. Бұл 40 төсек-орындыққа арналған. Бұл жерде емделуші толық медициналық тексеруден өтеді. Қанын тазартады. Психолог мамандармен тығыз жұмыс істейді.
    2. Психотерапиялық бөлімі. Бұл 64 төсек-орындыққа арналған. Бұл жерде сырқат адамға толық түрде психотерапиялық және психологиялық көмек көрсетеді. Яғни, есірткі тәуелділігіне қарсы иммунитет төзгіштігін дамытады.
    3. Әлеуметтік оңалту бөлімі. Бұл Павлодар қаласының 20 шақырым жердегі Мичурин кентінде орналасқан. Бұл науқасты еңбекпен емдеу және әлеуметтік оңалту болып табылады. Аталған жұмыстарды атқару үшін әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасаған бағдарлама бар. Осы үш бөлімнен өткен науқас толық курстан өтті деуге болады.
    Үшінші бөлімде оңалту саласын жүргізу үшін арнайы консультанттар жұмыс істейді. Білікті дәрігер Гүлнар Иванқызы басқаратын «Арылу» қоғамдық қоры бар. Осы қор арқылы оңалту консультанттары мектебі ашылды. Оған толық 3 сатыдан өткен емделушілерден консультанттар дайындалады. Бүгінгі таңда 12 консультант қызмет атқарады. Әр облысқа науқастардың санына байланысты 1-2 консультант дайындап жібереміз.
    Орталықтың ғылыми-зерттеу бағыты: науқасты профилактикалық сауықтыру арқылы емдеуге бағытталған. Науқас нашақорлық тәуелділігінен 7 пайыз толық айығады. Ал біздің орталықта бұл көрсеткіш 22 пайызды құрайды. Бұл — өте жоғары көрсеткіш. Орталық еліміздегі науқастарды толық қамти алмайды.
     
    Нашақорлықпен ауырған қаншама адам бар. Орталықта жылына 100 науқасты ғана емдеуге мүмкіндігіміз бар. Біздің ға-лымдардың басты мақсаты — аурудың алдын алу. Осы аталған жұмыстар бойынша қол жеткен нәтижелeр бар ма?
     
    — Нәтиже... әрине бар. Ең бірінші, на-шақорлыққа тәуелді адамдардың саны азайды. Жыл сайын қаулап көбейген дерт 2009 жылдан бастап тұрақталды. Өсу жоқ. Орталығымыз мектептермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Бұл жұмысқа мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерді де тартудамыз. Бұл жайында бірлeсіп жұмыс істeуге Білім және ғылым министрлігінe ұсыныс білдірген жоқсыздар ма? — Біздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің ара-сында бірлесіп жұмыс істеуге байланысты №150 бұйрығы бар. Біз бұйрық негізінде жұмыс істейміз. Мақсатымыз — әр мектепте наркопосттар ашу.
    Наркопост мүшелері болу қажет. Біздің орталық наркопосттың қалай жұмыс істеу туралы ережесін жазып шықты. Еліміздегі әзірше жалғыз орталықтың Павлодар қаласында орналасуына не себеп болды? — Дұрыс сұрақ. Алматы, Астана секілді ірі қалалар тұрғанда, Павлодарда бой көтеруіне не себеп дейсіз? Бұған сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей ықпалы болған. Ол кісі орталықтың осы қалада бой көтеруіне белсене атсалысқан. Павлодар облысы — Ресейдің 3 облысымен шекаралас жатқан аймақ. Сондай-ақ, халықаралық наркоситикаттардың ортасы болып есептеледі. Өкінішке қарай, еліміз бойынша Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарында нашақорлық дертіне ұшыраған адамдар саны көп.
     
    Екі тілде бірдей сөйлeйді екенсіз. Қазақы қалпыңыз да басым. Алған тәрбиеңіз, өскен ортаңыз туралы сыр шертсеңіз.
     
    — Қазақы өңір — Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келдім. Әкем дәрігер болып қызмет істеді. Бала кезімнен әкеме ұқсап дәрігер болғым келді. Жоғары оқу орнын тәмамдадым. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында наркология кафедрасының меңгерушісі болдым. Шымкенттегі психотерапия ауруханасында бас дәрігер қызметін атқардым. Өз мамандығымды ұнатамын. Қолдан келсе, адамдарға жақсылық жасағанға не жетсін...
     
    Орталықтағы мемлeкеттік тілдің жағдайы қалай?
     
    — Осы жерге келген күннен бастап мемлекеттік тілді дамытуға күш салып жатырмын. Қазір құжаттар толықтай екі тілде жүреді. Жиналысты мемлекеттік тілде жүргіземін. Әрине, өзге ұлт өкілдері жиі орналасқан аймақ болғандықтан, өз қиындығы бар. Арнайы аудармашы жұмыс істейді. Орталыққа зор үмітпен келдім
     
    Аурухана іші мұнтаздай таза. Айнадай жарқырап тұр. Науқастарға барлық жағдай жасалған. Біз еппен ғана науқастардың жай-күйін біліп, дәрігерлермен кең әңгімелесу үшін орталықты араладық. Бірінші Медикоментазалық бөліміне бас сұқтық.
     
    Бөлім меңгерушісі — Бақыт Төлeгенова. Бөлім 40 науқасқа арналған. Бұл жерде емделушілер 1 саты бойынша ем қабылдайды. Науқас адамның бас қыртысындағы ми жұмысы, жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары, адамның ішкі құрылысы секілді органдарды медициналық тексеруден толық өткізеді. Бөлімде физиология әлемі және функционалдық диагностика лабораториясы, дәрі-дәрмекпен емдеу бөлімі жұмыс істейді. 1 курста науқас аталған медициналық тексеруден өткеннен кейін ем қабылдауға көшеді. Сырқат жандармен арнайы пси-хологтар жұмыс жасайды. Науқасты келесі 2 сатыға өтуге дайындайды.
     
    Осы арада Дәрі-дәрмекпен емдеу бөлімінің дәрігері Смайыл Токаровты сөзге тарттық: — Семей мемлекеттік медицина академиясының түлегімін. Орталықты жұмыс істегеніме 1 жыл болды. Күнделікті таңертең науқастарды аралап шығамыз. Тексереміз. Бұл ауруды емдеу өте қиын. Соған қарамастан, науқастарға қолдан келген емді жасап жатырмыз. Науқас саны азаймай отыр.
     
    Ем қабылдап жатқан қазақ азаматына аз-кем сауал қойдық. Қай жерден келдіңіз? — Шымкент қаласынан. Жасым 34-те. Отбасымда екі балам бар. Осы жерге өз еркіммен келдім. Келгеніме 4-5 ай болды. Есірткіні 93 жылдан бастадым. Кейінгі 3-4 жылда үзбей қолдандым. Отбасымда береке кетті. Күнде айқай-шу. Маза болмады. Бұл ауру 1 күндік емес. Ел қатарлы адам болу үшін орталыққа келдім. Ем қабылдап жатырмын. Бұл дерттің өміріме көп кесірі тиді. Аяқтай алмай шығып кеттім. Қазір ойым басқа. Жан-дүнием тазаруда. Имандылыққа бет бұрғым келеді. Адамша өмір сүргім келeді
     
    Екінші — Психотерапия және реабилитация бөлімі. Бөлім меңгерушісі — Жанар Ғабдоллақызы Сабир. Бұл бөлім 64 төсек-орындыққа арналған. Бөлім дәрігерлері толықтай компьютерленген. Әр дәрігердің компьютерінде науқастың жеке құжаттары толық сақталған. Бөлімде 4 медицина ғылымдарының докторы қызмет атқарады.
     
    Екінші курс бойынша ем қабылдап жатқан адамнан сыр тарттық. Жасы 43-те. Еркін күрестен спорт шебері: — Алғашында ептеп анаша шектім. Одан кейін героин пайдаландым. Есірткі қолданғаныма он жыл болды. 33 жасымнан бастадым. Алғашында қызығып, дәмін таттым. Кейін аңсарым ауып тұратын болды. Отбасым, екі балам бар. Осы дерттің кесірінен отбасымнан ажырастым. Орталыққа келгеніме 4 ай болды. Жақсы ем қабылдап жатырмын. Бәрі алдамшы, өткінші дүние екенін кеш білдім. Отбасыммен қайта қосылғым келеді. Балаларымды дұрыс тәрбиелеп, адамша өмір сүргім келеді. Намазға жығылдым. Аллаға күнәмді кеше гөр деп күнде жалбарынамын. Ертеңге деген үмітіміз, сеніміміз оянды Арнайы кабинетте отырған кеңесшілерді сөзге тарттық. Жүздерінде ертеңге деген сенім, өмірге деген ынта бар. Ақтарылып сөйлейді.
     
    Азамат, Қостанайдан: — Осы орталық-қа 2004 жылы келдім. Толық 3 курстан өтіп емделдім. Өмірімді қайтадан бастадым. Білікті маман Гүлнар Иванқызының көмегі көп тиді. Мамандығым — психолог. Қазір осы орталықта кеңесші болып жұмыс істеймін. Әрі тәжірибе қалыптастыра-мын. Өзімнің бастан кешкен бейнетімді емделушілерге айтып, олардың бұл дерттен тез сауығып кетуіне ықпалым тисе, азаматтық парызымның орындалғаны деп білемін.
     
    Жанар,Талдықорғаннан. Жасы 30-да: — Осы орталықта 2005-2006 жылы 3 саты бойынша толық емделіп шықтым. Қазір орталықта консультант-стажер болып істеймін. Мамандығым — экономист-менеджер. Есірткіге шалдыққан соң, бәрі жайына қалды. Міне, 4 жыл болды. Есірткіні еш пайдаланған емеспін. Болашаққа үмітпен қараймын.
     
    Алeксей, Алматы қаласынан. Жасы 48-де: — Есірткіні қолданғаныма 30 жыл уақыт болды. Мектепті 4-5-ке оқыдым. Жоғары оқу орнын Рига қаласында тәмамдадым. Екі рет үйлендім. Қазір жалғызбын. Алматыда үйім бар. Есірткіні ең алғаш 1978 жылы пайдаландым. Жас едім. Албырт едім. 1988 жылдан бастап есірткінің әмірі өмірімді билей бастады. Отбасының шырқы бұзылды. Жұмысымнан мән кетті. Бәрі адыра қалды. 2009 жылы осы орталыққа келдім. Емделдім. Қазір консультант болып жұмыс істеймін. Еңбекақы аламын. Жұмысым өзіме ұнайды. Дәрігерлерге мың алғыс айтамын.
     
    Рома: — 1976 жылы Алматыда тудым. Кеңес кезіндегі бапкерлер отбасында өстім. Әкем спортшы еді. Мені де бала жасымнан соған баулыды. 4 жыл тау шаңғысымен айналыстым. Үлкен жетістіктерге жеттім. 15 жасымда Республикалық жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың жүлдегері атандым. Бір өкініштісі... осы жасымда есірткіге бой ұрдым. 17 жасқа келгенімде, өзімнің есірткіге тәуелді екенімді толық түсіндім. Енді бәрі кеш еді. Ата-анама айттым. Ол кісілер жаны қалмай мені емдеуге тырысты. Халықтық медицинаға бардым. Дегенмен... еш нәтиже болмады. Басымды тауға да, тасқа да соқтым. 27 жасымда жалпы еңбек түзету коллониясына тап болдым. Бес жыл бас бостандығымнан айырылдым. Бұл жерден туберкулез ауруына шалдығуыма байланысты ерте босадым. Емделдім. Тағы да есірткіге бой ұрдым. Өз-өзіме қол жұмсауға дейін бардым. Алматы қаласында орналасқан Рухани оңалту орталығына келдім. Ол жерде 4 жыл болдым. Ақыры... Павлодар қаласында нашақорлықты емдейтін ғылыми орталық бар екенін құлағым шалды. Сосын... 2008 жылы осы жерге келдім. Толық 3 курс бойынша ем алдым. Өзімді жақсы сезіндім. Есірткі, темекіні, алкогольді ішімдікті татып алмаймын. Қайта спортпен шұғылдана бастадым.
     
    Ольга: — Жасым 33. Алматыдан келдім. Білімім — жоғары. Бухгалтер-менеджермін. Мамандығым — педагог-психолог. Есірткіні алғаш 17 жасымда көрдім. Бірден ине қабылдадым. Жастық албырт... Романтика... Жан-жағым толған дос-жаран. Ата-анам дәрігер болды. Бақуатты тұрды. Алайда... ата-анам есірткі қабылдап жүргенімді білгеннен кейін, мені емдеуге барын салды. Үйде емдеді. Нәтиже болмады. Апармаған ауруханасы қалмады. Наркодиспансерге бардым. Олар мені Павлодарға жіберді. Бұл жерге жағдайым нашар болып келді. Толық 3 курс бойынша ем алдым. Өзімді жақсы сезіндім. Гүлнар Алтынбекова басқаратын «Арылу» қоры бағдарламасы бойынша жұмыс істеймін. Кеңесші болып қызмет атқарамын. Бұл менің арманым еді. Орталыққа рақметін айтқан дертіне шипа тапқан жандардың пікірлері көп. Оның бәрін газетке сидыра алмадық. Қоғам ауруымен бірлeсіп күресу керек Ерекше бір тоқталатын жай — облыс наркоорталықтарындағы мамандарды жи-нап семинарлар өткізіп, тәжірибе алмасып тұрады екен.
     
    Соларға сөз берейік: Бағила Төлeгенова, Жамбыл облыстық наркодиспансер ауруханасының бөлім меңгерушісі: — Семинарға келдік. Ор-талықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бұл жерге біздің облыстан науқастар көп келеді. Жылына 65-66 адамды жібереміз. Жамбыл облысы бойынша нашақорлық дертіне ұшыраған сырқаттар саны көп. Бұл орталықтың ғылыми және материалдық базасы үлкен. Білікті дәрігерлер қызмет атқарады. Осындай орталық оңтүстік өңірде де бой көтерсе, қандай жақсы болар еді. Бізде өз ісін жетік білетін мамандар тапшы. Әсіресе, психологтар. Бұл — бір адамның ауруы емес, қоғамның ауруы. Сондықтан бәріміз де нашақорлықтың алдын алуға күш салуымыз керек.
     
    Наталья Ивановна, Батыс Қазақстан облысы: — Облыстағы Наркодиспансер ауруханасында дәрігер болып жұмыс істеймін. Еңбек өтілім — 20 жыл. Мен ғылыми орталықтың жұмысын көзбен көріп, қатты таңқалып отырмын. Өз ісін жетік білетін дәрігерлер. Материалдық базасы үлкен. Ғылыми жұмысы жақсы жолға қойылған. Осындай орталық батыс өңірінде де салынса деп ойлаймын. Жер шалғай, аурулар жете бермейді. Семинардан алған әсерім үлкен. Білімімді тағы бір толық-тырдым. Нашақорлық бүгінде үлкен мәселеге айналды. Қоғамды алаңдатып отыр. Сондықтан осындай ғылыми орталықтар әр облыста ашылса да көп болмайды деп ойлаймын. Мичуриндегі «шипажай» Сонымен қаладан 20 шақырым жердегі Мичурин кентінде қоныс тепкен «Нашақорлықтың медициналық әлеуметтік проблемаларының Республикалық ғылыми-практикалық орталығының» әлеуметтік сауықтыру бөлімшесіне келдік. Бізді бөлімше меңгерушісі Наталья Викторовна қарсы алды. Мінезі ашық екен. Салдырлап бәрін айта бастады. Бұл бағдарлама бойынша науқастарды емдейтін 3 саты. Бұл жерде 50 адам орналасқан. Оның 12-сі — нәзік жандылар. Арнайы күзетші жоқ. Бірақ...берік тәртіп қалыптасқан. Емделушілер ерте тұрады. Дене жаттығуын жасайды. Науқастарға арнайы тренингтер жүргізіледі. Үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жасайды. Намазхана бөлмесі бар. Жалпы, емделушілердің дінге деген ниеті дұрыс. Бөлімшеде жиһаз жасайтын, тігін тігетін цех жұмыс істейді. Емделушілердің қолынан шыққан әрбір дүние жұтынып тұр. Арнайы қорада мал ұстайды. Бүгінгі таңда 27 қой, 10 ірі қара, 2 жылқы бар. Емделушілер малды кезекпен қарайды. Біз ем қабылдап жатқандармен кездесу өткіздік. Сұхбат жүргіздік. Олардың ой-пікірлерін тыңдадық. Сырқат адамдардың жан-дүниесін түсінуге терең ұғым керек қой. Сәуле апай айтқан жылы сөзге әп-сәтте жадырап, балаша қуанып қалды. «Жылы сөз жан семіртеді» деген рас-ау... Қазақ қызының ерлігі Жалпы, біздің орталыққа келуімізге мұ-рындық болған кісі — Гүлнар Иванқызы Алтынбекова. Орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Білікті маман. Осы орталықты өз қолымен қалаған. Жолдасы — Сабыр Алтынбеков. Ол да білікті дәрігер. Алғашқы орталықтың директоры. Қазіргі таңда Алматыда респуб-ликамыздың бас психиатры болып қызмет істейді. Бір ұлы, бір қызы ата-ана жолын қуған. Бойынан парасаты мен мәдениеті төгіліп тұрған Гүлнар Иванқызының еңбегі ерен екен. Біртоға мінезді кісінің атқарған жұмысы — бір атанға жүк боларлық дүние. Білікті дәрігердің айтуы бойынша, сауықтыру бөлімшесі 2003 жылы құрылған. Оның құрылу себебі бар. Орталыққа түскен сырқат 2-3 ай емделеді де шығып кетеді. Одан кейін қайта есірткіге бой алдырады. Еш нәтиже жоқ. Толық дәрежеде ем қабылдай алмайды. Осы жайтты терең түсінген Сабыр Алтынбеков (бұрынғы директор) ҚР Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевке (ол кезде министр) ұсыныс айтады. Осындай емделушілерді емдейтін елдердің тәжірибесін іске асыруға көмек сұрайды. Министр Ж.Досқалиев қарсы болмайды. Министрліктің жолдамасымен Польшаға арнайы барып қайтады. Ол жерде емделіп жатқан емделушілердің жағдайын, ем алу әдіс-тәсілдерін көзбен көріп, көңілге түйеді. Елімізге келгеннен кейін Польшада көрген-білген, түйгендерін қолға алып, істі бастайды. Бұл сырқатқа шалдыққандарды 2 курс деңгейінде емдеу тиімсіз. Ол үшін үшінші сауықтыру бөлімшесі болу керек деген ойға келеді. Осы ұсынысын министр Ж.Досқалиевке жеткізеді. Ол кісі бірауыздан қолдайды. Қаланың маңайынан табиғаты көркем мекен іздейді. Ақыры Мичурин кенті орналасқан Ертістің жағасынан жер алады. Құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Екі қабатты тұрғын үй бой көтереді. Сол 2003 жылы Гүлнар Иванқызы да Польшаға сапар шегеді. Ол жерде екі апта бойы ауруханада болады. Дәрігерлермен бірге қонады. Тәжірибе алмасады. Емделушілердің қалай ем қабылдайтынын, психологиялық әдіс-тәсілдерін меңгереді.
     
    Гүлнар Иванқызының айтуынша, әлемдік тәжірибе бойынша бұл науқасқа шалдыққандардың сауығуы 30 пайызды құрай-ды екен. «Ал біздің орталықта бұл көрсеткіш 26 пайызды құрап отыр», — дейді. — Бұл — біз үшін үлкен абырой. Осы 5-6 жыл ішінде біздің пациенттердің 35-і отбасылы болды. Өмірдегі жарасымды жұптарын тапты. Өмірге деген жаңаша көзқарастары қалыптасты. 20 жанұяның шаңырағында сәби дүниеге келді. Бұл — мен үшін үлкен бақыт! Бүгінгі таңда 15 емделуші толықтай емделіп шығып, жоғары білімді маман болды. Бұлардың арасында біздің орталықта кеңесші болып жұмыс істейтін мамандар бар». Түйін: Осы сапарымызда аталмыш орталық ұжымының бірлігіне, тірлігіне, жүзінен мейірім шуағы төгілген ақ халатты абзал жандардың өз жұмыстарына деген сүйіспеншілігіне, адамдарға ерекше құрметіне, науқас жандарға жылы шырай танытқан қарым-қатынасына куә болып, көңіліміз орнына бір түскендей болды. Алланың нұры жаусын, адам жанының жанашырлары!
     
    Қазақстан Республикасының Президенті биылғы жылы халыққа арнаған Жолдауында «Халық денсаулығы, ол — Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі. Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты — міне, осылар, денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс», — деп нақты атап көрсетті. Нашақорлық — әлеуметтік ауру. Қазіргі таңда елімізде ондаған мыңға жуық жасөспірімдер мен ересектер осы дерттің тажалды шырмауына түскен екен. Осындай түпсіз терең тажалды шыңырауға аяғын шалыс басқан жандарға қоғам қол ұшын соза алар ма? Жоқ әлде бәрін жылы жауып, бетін жылтыратып қойғымыз келе ме? Мұндай тажалдың тамырына неге қоғам болып бірлесе балта шаппасқа?! Қазақта «Ауруды жасырсаң, өлім әшкере етеді» деген аталы сөз бар, бұны дерт деп қарау керек. Күйкі тіршілік күйбеңімен кетіп, ертең өскінші ұрпағымызды осы дерттің талауына беріп қойғанымызды кеш түсініп, бармақ шайнап қалып жүрсек, кінәні тек өзімізден іздегеніміз жөн... Ағайын! «Ел болам десең – бесігіңді түзе».
    Орталықтың «ғылыми» ортасы Орталықтың ғылыми базасы ауқымды. Дарынды ғалымдар жұмыс істейді. Ғылыми орталықта 2 медицина ғылымдарының докторы, 21 медицина ғылымдарының кандидаты қызмет атқарады. Орта-лықта диссертациялық кеңес бар. Бүгінгі таңда ғылыми кеңесте 2 доктор және бірталай кандидаттық диссертация қорғалған. Орталықтың ғалымдары жаңа ғылыми-технологиялық бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Бұл бағдарламаны қолдану ғылыми негізде дәлелденген. Сондай-ақ, ғалымдар нашақорлықтың алдын алу үшін психо-диагностикалық компьютерлік бағдарлама жасап шығарған. Бұл бағдарлама көпте-ген елді мекендерге таратылған. Еліміздегі 496 орта білім беретін оқу ордалары осы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Ғылыми негізде Психотерапиялық кафедра жұмыс істейді. Кафедрада еліміздің әр аймағынан келген наркологтар, дәрігерлер, психологтар, кеңесшілер білімін жетілдіріп, дәріс тыңдайды. Тематикалық тренингтер өтеді. Тәжірибе жинақтайды. Бұл ғылыми орталық ТМД көлемінде үлкен беделге ие. Сондықтан бұл жерге шет мемлекеттердің мамандары келіп, тәжірибе алмасады екен. Атап айтсақ, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен мамандар жиі келеді екен. Орталықтың жас ғалымдары әлемдік деңгейдегі халықаралық конференцияларға қатысып, орталықтың атағын әйгілеп жүр. Орталықтың өз баспаханасы, «Қазақстан наркология мәселелері» атты журналы бар. Басылым «ВАК» кірген. Журналда медицина саласындағы ғалымдардың, ізденушілердің мақалалары жарық көреді. Тіпті шетелдің де ғалымдарының дүниелері де басылады. Баспаханада орталықта қызмет атқаратын ғалымдардың монографиялары, диссертациялық еңбектері, шағын методикалық құралдар кітапша болып басылып шыққан. Бір өкініштісі, баспаханадан жарық көрген кітапшалардың бәрі «ресми» тілде. Тым болмаса екі тілде шығарса қандай жақсы. Тілімізді тістеп қалдық. Оған көп жұмыс та керек емес. Тек ниет, құлық болса... Видеостудия жұмыс істейді. Нашақорлықтың алдын алу үшін түсірілген арнайы фильм бар. Фильмде есірткіге бой ұрған адамның өмірбаяны баяндалады. Сол арқылы адамды есірткіден жирендіру көздел-ген. Фильм жасөспірімдерге арналған. Кітапханада кітап қоры мол. Жұтынып тұр. Еріксіз көз тартады. Медициналық кітаптардың қатары мол. Аракідік әдеби көркем дүниелер де ұшырасады.
     
    СӘУЛE МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, АЗАМАТ ҚҰСАЙЫН, №11
    http://kz.zaman.com.tr/
    Просмотров: 1269 | Добавил: наркология | Рейтинг: 1.0/1
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz