Метадон – мәңгүрт мәселе - 23 Июля 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:44
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Шілде 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Шілде » 23 » Метадон – мәңгүрт мәселе
    13:22
    Метадон – мәңгүрт мәселе


    Бүгінгі таңда нашақорлық елімізде өткір мәселеге айналды. Оған мемлекет тарапынан комплексті түрде шешім қажет. Кейбір мамандар есірткі құмарларды метадон қолдану арқылы оларды тәуелділіктен айырып, өмірге қайта бейімдеуге болады десе, енді бірі онымен келіспейді. «Метадон – дәрі емес, ол есірткі. Егер біз метадонды қолдануға рұқсат берсек, онда есірткі пайдалануды заңдастырып, оған тәуелділердің санын одан әрі арттырып аламыз» дегенді алға тартады. Ресей мен Өзбекстан метадоннан бас тартты. Сонымен, Қазақстанда мұны қолдану керек пе? Нарколог дәрігерлер бұл төңіректегі мәселеде неге бір мәмілеге келе алмай отыр? Жалпы, метадон біздің қоғамға зиянды ма, әлде тиімді ме?

    Таяуда еліміздегі нарколог дәрігерлер­дің қатысуымен Алматыдағы Саяси шешім­дер институты клубында «Метадон: зиян ба, әлде тиімді ме?» деген тақырыпта дөң­ге­лек үстел отырысы болып өтті. Оған теле­жүр­гізуші шоумендер де, қоғамдық ұйым өкіл­­дері де, сонымен қатар нақ осы сала­ның басы-қасында жүрген мамандар да қатысып, өз ойларымен бөлісті.

    Нұрлан ЕРЕЖЕПОВ, Республикалық медика-әлеуметтік нашақорлық проблемаларының ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры:

    – Қазақстанда метадонды тәжірибе ретінде қолданудың пилот­тық жобасы 2008 жылы басталған-тын. Павлодар мен Теміртау қалаларында есірткі тұтынушылар көп болғандықтан, алға­шында метадон осы екі қаладағы орта­лыққа таратылған. 2009 жылы мұның бірінші сатысы нәтижелі аяқ­талып, министрлік тарапынан мұның кең түрде қолдануға бұйрық шығарылған. Бұл есірткіге тәуелді науқастарға өте қолайлы. Себебі бізде героинді ине арқылы қабылдайтын науқастар нар­кологиялық мекемелерге барып, еш­қашан емделмейді. Оларды күшпен де, жылы сөзбен де алып бара алмайсыз. Сондықтан өздігінен айығып кете алмайтын, бірақ қоғамға деген зиянды әсерінен құтылғысы келетін науқастарға метадон өте тиімді. Әрине, бұл тәуел­ділікті емдей алмайды, бірақ қоғамдық қауіпті мейлінше сейілтеді.

    Нұрлан Ережеповтің сөзіне сенсек, метадонды қолданған науқастар дәрі­герлерге көрініп, әртүрлі психологиялық, психотерапиялық емдер қабылдайды екен. Мәселен, аталмыш препаратты қол­дан­ған 97 науқасты тексере келгенде, олардан неше түрлі қосалқы сырқаттар анықталған көрінеді. Олар героинді қа­былдағанда ешқашан тексерілмеген. «Метадонға өту арқылы олардың сырқат­тарын анықтай алдық», – дейді ол.

    Негізі, героинге тәуелді болған науқас таңертең ұйқысынан тұра сала тек бір нәрсені ғана ойлайды. Ол — қайтсе де қаржы тауып, героин қолдану. Науқас ол үшін бәріне дайын болады. Ұрлық, тонау, адам өлімінің көпшілігі осындай тәуелділік­тен орын алатыны белгілі. Героин қысқа мерзімде әсер ететін есірткі тобына жатады екен. Оны қабылдаған адам бес сағат мас күйінде жүреді. Демек, бес сағат өткеннен кейін қайтадан тәуелділік басталады. Ол кезде нашақордың бүкіл денесі ауырып, психологиялық ауытқушы­лыққа ұшы­рай­ды. Демек, мұндай науқас мас күйінде де және тәуелділік басталғанда да қауіпті болады деген сөз. Онымен қоса, героинді ине арқылы қабылдайтындардың басым көбі СПИД ауруына шалдыққан. Олар оны өмірі героин қабылдамағандарға жыныс­тық немесе басқадай жолдармен жұқ­ты­руы мүмкін. Ал метадон эйфориялық мас бо­лу жағдайына түсірмейді. Мұны күніне бір-ақ рет қабылдайды. Героинді қабыл­дайтындар үнемі физиологиялық стресте жүрсе, метадонда олай болмайды. Дәрі­гер­лердің кеңесімен метадонды уақтылы қабылдап, тексеріліп тұрады. Қазіргі кезде осы пре­паратты қабылдаған науқастардың 12 пайызы жұмысқа орна­ласыпты. 13 нау­қас үйленіп, жанұялы болыпты. 100 пайыз науқастың психоло­гиялық жағдай­лары дұрысталып, отбасыларымен қарым-қаты­насы жақсарған. Сонымен қатар ме­та­дон қолданғандардың барлығы қыл­мыстық әрекеттерге барған жоқ және СПИД індетін ешкімге жұқтырмаған. Оны­мен қоса, метадонды Еуропада 700 мың науқас, Қытайда 400 мың, АҚШ-та 300 мың адам қолданады екен.

    Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымы­ның докторы, профессор:

    – Метадон – дәрі емес, ол есірткі. Оның адам денсаулығына пайдасынан зия­ны көп. Біз оны сатып алу арқылы метадонды тасымалдайтын бизнесмен­дердің қалта­сын қампайтып отырмыз. Әйтпесе наша­қорларды емдейтін неше түрлі жақсы дәрі-дәрмектер бар. Соларды пайдалансақ, әлдеқайда дұрысырақ болар еді.

    Ерлан КӨКЕЕВ, әнші:

    — Метадонды қолданбасқа бол­май­тын­дай соңғы шешім емес. Одан да жақсы дәрілер бар. Мұны елімізге енгізетін болсақ, есірткіге тәуелділерді ғана емес, қарапайым азамат­тары­мызды да мета­донға тәуелді етіп алуы­мыз әбден мүмкін. Демек, біз оларға метадонды қолдануға мүмкіндік беріп қоямыз. Менің ойымша, бұл біреулерге қажет болып тұр, мұны біреулер лоб­билендіріп жатыр.

    Міне, осылайша мамандардың мета­дон­ға қатысты пікірлері қарама-қайшы­лыққа толы болып отыр. Бүгінгі дөңгелек үстел отырысында да дәрігерлер ортақ мәмілеге келе алған жоқ, әрқайсысы өз ұстанымдарында қалды. Бір қызығы, бұған қарсы пікір айтып жүргендердің басым көбі осы саланың нақты мамандары емес. Қоғамдық ұйым өкілдері мен әншілер, сондай-ақ эндокринолог мамандар да қарсылық білдіруде. Ал наркологтердің көбі метадонды қолдап отыр. Сонда дей­міз-ау, егер наркологтер жиналып алып, эндокринологтерге ақыл үйретсе қалай болады? «Қант диабетін сендер дұрыс ем­демейсіңдер, оны былай жасау керек» десе не болмақ? Немесе әншілердің арасына барып, «сендер өлеңді дұрыс айта алмайсыңдар, оны бұлай айту керек» десе жараса ма? Дөңгелек үстелге қатысып отырып осындай ойлар қылаң беріп қалғанын жасыра алмаймыз. Сондықтан әр маман өз саласында билігін жүргізсе, дұрысырақ болар ма еді, кім білсін?..

    Қазақстандық кейбір нарколог дәрі­герлердің айтуынша, Ресейде метадонға қатысты медициналық емес саяси шешім шығарылған екен. Яғни Ресейдің про­фессор-ғалымдары, әйгілі наркологтері «бізге метадон керек» деп өз ойларын ашық айта алмайтын көрінеді. Сол үшін де Ресей метадон туралы теріс пікірлерді интернет, басылымдарда жаппай жария­лайды. Ал біздің көпшілік мамандар ақ­паратты орыс тілінде алғаннан кейін, ол туралы кері пікірлерге тап болып, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастырады екен. Әйтпесе метадон туралы ағылшын, неміс тілдерінде (жағымды жағынан) неше түрлі ғылыми еңбектер жарыққа шыққан көрінеді.

    Қалай десек те, елімізде метадонды қолдану 2011 жылдың аяғына дейін жал­ғаспақ. Одан кейін тәуелсіз және халық­аралық сарапшылар метадонды төрт жыл бойы тәжірибе ретінде қолданған қоры­тындыны қарап, сол бойынша (әрі қарай жалғастыру керек пе, әлде тоқтату керек пе?) шешім шығаратын көрінеді. Не де болса әліптің артын күтейік...
    Автор: Гүлжан ҚАДЕНОВА, дәрігер http://www.alashainasy.kz/
    Просмотров: 751 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz