Есірткі сатып есіргендер - 28 Января 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:45
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Қаңтар 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
     12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Қаңтар » 28 » Есірткі сатып есіргендер
    19:59
    Есірткі сатып есіргендер

    Автор: Сәбина Емелбаева

    Павлодар облысының Ресеймен шектесетін тұсында «Өрлітөбе» деген бекет бар. Омбы қаласына жол тартқан Юсур Бебез құжаттарын тексеруден өткізіп, кеденшінің ең соңғы сұрағына жауап беріп жатты.
    Көліктен кеткен «қателік»
    «Мәшинеңіз жақсы екен», – деді кинолог Талғат Құлболдинов жолаушының «Опель-Век­трасына» көз салып. «Иә, жақында ғана сатып алдым. Бірақ апатқа ұшырап үлгердім», – деді Юсур. Кеденші ә дегеннен секемденіп қалды. Себебі, көліктің бүлінген жері жоқ. Бірден шұңқырға апарып қоюын өтінді. Жолаушы айтқан жерге көлігін апарды да: «артқы тұғырым сынған еді» деді.
    – Ол дәл осы жерден қателесті, – дейді Талғат. – Себебі, көлікті алдыңғы дөңгелектері «сүйрейді». Сондықтан, ондай мәшиненің тұғыры болмайды. Кеденші жеңіл-желпі бір қарап шықты да, енді қызметтік итпен тексермек болды. Үйренген итін ертіп келгенде, жолын жолаушы кес-кестеп тұрып алды.
    – Басына мұсылмандардың бас киімін киіп алыпты. Қолымнан ұстады да, «итсіз тексер, ойыңа келгенін істе, тек, көлікке итті кіргізбе» – деді.
    Санаулы сәттен соң, тіміскі ит есірткінің дәл тұрғанын орнын анықтады. Екі қатар түп жасалған құпия орынды ашуға жарты сағат уақыт кетті. Автокөлік иесі ә дегенде басын ұстап, түйіншектердің саны 30-дан асқанда жүрегін ұстап, құлап қала жаздады. Сарапшылар бес келі героин мен 29 келі апиынды айнытпай «таныды». Павлодар облыстық кедендік бақылау департаментінің тарихында мұндай көлемде ірі есірткі бірінші рет кездесіп отыр.
    Ақымақ Ахмад
    Қыры сынбаған кәстөм-шалбар киген ер азамат «Қосақ» кеден бекетіне қымбат көлікпен келді. Түріне қарасаң, асып-тасқан бизнесмен секілді. Ал Хадиевтің шынайы бейнесі басқаша еді. Ол Новосібір қаласындағы базарлардың бірінде «Газель» айдайтын. Сол жерде жүріп, Мұзаффар деген біреумен танысыпты. Мұзаффар Ахмадтың жекеменшік көлігі барын білісімен, Өзбекстаннан Ресейге бір рет қатынау ақысына бес мың доллар төлемек болады. Айтылған сөз – атылған оқ. Қол алысып, уәде беріседі. Хадиев алдын ала мың долларды санап алады да, жолға шығады. Ходжентке келгенде, делдал біреуге жолығады. Әлгі делдал оған «вокзалға бар, кілтті көлікке таста да, өзің басқа жаққа бара тұр» деген хат береді. Жұмыс берушілердің «әмірін» Хадиев бұлжытпай орындап шығады. Бір тәуліктен соң, көлігін алып, жолға шығады. Бірақ іштей мәшинесіне есірткі жасырылғанын сезіп келеді. Бірнеше шекарадан аман өтіп, бірақ Новосібір қаласына жетуге әлі алда 17 жыл барын сезбеп еді. «Қосақ» бекетінде ұзақ аялдады. Иісшіл иттер көліктің алдыңғы жағына қарай итіне берді... Кеденшілер құпия орыннан 4 келі героин алып шықты. «Олардың Отанында мұндай құрбандықтар жетіп-артылады, – дейді Павлодар облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Ерлан Әлімжанов. – Біреуін жібереді, ұсталады, екіншісін жібереді, ұсталады. Үшіншісі өтіп кетеді. Сол кезде барлық шығын өтеледі. Есірткі алып өтуге тілек білдірушілер өте көп».
    Шерзоттың шері
    Есірткі саудагерлері еш уақытта өзінің тауарын тасымалдаумен айналыспайды. Олар ол үшін келесі құрбандығын «шекесінен шертіп», таңдап алады. Негізінен, таңдауға түсетіндердің дені таксистер. Таксистер, негізінен, нашақорлықпен, маскүнемдікпен көзге түспеген, бұрын сотталмаған, үйлі-баранды болып келеді. Сондықтан шекарада күдік туғыза қоймайды. Есірткі саудагерлері олар туралы ақпаратты нақтылап алған соң, «Ресейге барып-қайтасың да, пәленбай мың доллар аласың» деп ұсыныс жасайды. Жолға шығар алдында «кеденшіге ештеңе айтушы болма» деп уәделерін алады. Сондықтан шекарада шерменде болғандар, жұмыс берушілері жөнінде жарытымды жауап бермейді. Олар өздерінің елде қалған отбасы, туған-туыстарының өмірі үшін қорқады. Себебі, ол аумақты наркобарондар жақсы бақылауға алған.
    Қырғызстан азаматы Шерзодқа сондай «үлкен кісілердің» бірі ескі «Мерседес» көлігін берді. Сөйтіп, бірден Ресейге аттандырды. Бұл кезде «Сұлуағаш» кедендік бекетінің қызметкерлері Ош қаласынан Ресейге қарай ірі көлемде есірткі әкеле жатқан көлік туралы шұғыл ақпарат алып қойған еді. Қазақ-орыс шекарасында итін жетектеп, кинологтар жүрді. Тіміскі ит бірден доңғалаққа «жармасты». Доңғалақтың ауа үретін жерінде алты келі героин жасырылыпты. Енді Әлімов еліне жеткенше, бірнеше жыл өтетін болды.
    Қабылов қапы қалды
    Қырғыз Ергешбай Қабыловтың жекеменшік «КамАЗ»-ы бар еді. Халықаралық рейске көп шығып, жап-жақсы ақша тауып жүрді. Бірақ құлқынын қу тиын тесіп, одан да көп ақша тапқысы келді. Сөйтіп, 2008 жылы Новосібір қаласында Олег деген біреумен танысады. Олег бұған есірткі тасымалдап, көбірек ақша табуға ұсыныс жасайды. «Егер, тоқтаусыз есірткі жеткізіп беріп отырсаң, тауарыңды анағұрлым жоғары бағамен сатып алам» депті әлгі бейтаныс. Қабылов еліне келгесін, көлігін сатып жібереді де, түскен ақшасын жаңа іске жұмсайды. Бес мың долларға жеңіл көлік, қалған 11500 долларға 33 келі апиын сатып алады. Тауарын бақшасына әкеп көмеді. Сосын, көлігінің ішінен бір ай бойы жасырын жер дайындайды. Барлық іс біткесін, Олегке телефон соғады. Одан соң, Новосібірге баратын жолаушыларды мінгізіп алып, Ресейге жол тартады. Барлық пәле «Өрлітөбеге» жеткенде жабысты. Көліктің түбін екеу етіп жасапты. Бірақ кез келген металлда көзге көрінбес саңылау бар. Иісшіл ит сол саңылаудан шыққан иіс арқылы есірткі затты біліп қойды. Пайдаға белшеден батпақ болған Ергешбай Қабылов Қазақстан заңдары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
    Бала-шаға мен бейтаныс
    Кейбір делдалдар қайтсем, есірткіні шекарадан алып өтем деп жанталасып, тіпті туған-туыстарын да тәуекелге тігіп жібереді. Бала-шағасымен келе жатқан жеңіл көлік «Өрлітөбеде» тоқтатылды. Былайша қарасаң, ештеңеде ісі жоқ тату отбасы Ресейдегі туыстарына қонаққа бара жатқан секілді. Бірақ иісшіл иттер көліктегі газ баллонына ұмтыла берді. Сосын автокөлікті арнайы ғимаратқа кіргізіп, тексеруге кірісті. Дәл сол сәтте, көлік иесі үлкен дау шығарды. «Кеденшілер пара дәметіп отыр, барлық жерге шағымданам», – деп қоқан-лоқы көрсетті. Ал мамандар газ баллонын кесіп жібергенде, ішінен 33 келі апиын шықты. Таңғаларлық түгі жоқ. Себебі, наркокурьерлер есірткіні алып өту үшін, кез келген затты тиімді пайдалана береді. Олар апиынды азық-түлік, киім-кешек, тіпті бұрынғыдай асқазанымен де шекара асыруға әзір.
    Өзбекстан азаматы Мұхтар Шериев Ресейде құрылыста істейтін. Жалақысын алғасын, туған ауылына келіп, аунап-қунап, қайтадан жолға шығады. Автобуста танысқан бір кісі қолына сөмке ұстатып, «Ресейге жеткен соң, 400 доллар төлеп өзім алам» , – дейді. Шириевтің жаңа танысы Мұхтардың телефон нөмірін жазып алып, жолдағы бір стансадан түсіп қалады. Есірткі арқалаған құрылысшы Оңтүстік Қазақстан облысындағы шекараны жаяу кесіп өтіп, Ресей бағытындағы автобусқа мінеді. «Шарбақты» кедендік бекетінде сөмкені жақсылап тексергенде, ішінен бір келіден астам есірткі табылды...
    Сөз соңында
    Қолға түскен курьерлер үшін есірт­кі трафигі – табыс табудың бір ғана амалы. Мақаламыздың өн бойындағы Юсур Бебез, Ахмад Хадиев, Шерзот Әлімов, Ергешбай Қабылов, Мұхтар Шириевтер ақша үшін әлемге «ақ өлім» жаймақ болды. Бірақ олардың бірде-бірі бейкүнә сәби мен ақжаулықты анаға бір грамм апиынның қаншама азап, зорлық пен қорлық, өксік пен өкініш әкелерін сезінген жоқ. Ең өкініштісі де сол.
    (Арнайы «Жас қазақ» үшін)
    Просмотров: 678 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz