“АЖАЛЫ АРАҚТАН БОЛЫПТЫ…” - 12 Января 2010 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:46
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Қаңтар 2010  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2010 » Қаңтар » 12 » “АЖАЛЫ АРАҚТАН БОЛЫПТЫ…”
    17:22
    “АЖАЛЫ АРАҚТАН БОЛЫПТЫ…”





    Неткен жиренішті сөз еді. Ахиретке аттанып кеткеніңде азаматтық арыңды қамшыдай осып өтетін осындай сорақы сөздің артыңнан қалғаны қандай жаман! Мұндай абыройсыз өлімнің тірі күніңдегі істеген барлық жақсылығыңды жуып-шайып, адамгершілік қасиетіңе қара күйе жағатыны жасырын емес. Өзіңді қойшы, соңыңда қалған ата-ана, бала-шаға, туған-туыс, ет-жақындарыңның бетіне таңба басып кететініңді айтсаңшы. "Ө-өй, оның туысы арақтан өлген, тұқымымен сондай емес пе олар!..”-деген сөз кімнің болса да намысын жерге жаныштайтыны даусыз.
    Арақ түбіңе жетпей тынбайды. Әсіресе, бүгінгі күннің харам сусындарына құмар болсаң, тіптен сорлайсың. Дәлел керек пе? Ендеше көңіл қой. Дәрігер ретінде саған мыналарды айтар едім.

    Қазаққа таза арақ та жат
    Ең әуелі еш қоспасыз таза арақтың өзі қазақтың ағзасына орасан зардап әкелетініне тоқталғанды жөн көрдік. Химиялық формуласы С2Н5ОН болатын спирт асқазанға түскен соң, ішектер арқылы қанға сіңіріліп, бірден бауырға барады. Бауырдың қызметі – ағзаны токсиндерден (улардан) тазартып тұру. Сондықтан онда әртүрлі уларды бейтараптайтын ферменттер (энзимдер) болады және әр уды жоюға белгілі бір фермент жауап береді. Арақтың құрамындағы этил спиртін ыдырататын ферменттің аты – алкогольдегидрогеназа. Өзге ұлтты былай қояйық, дәл осы қазақта энзим өте аз, тіпті кейбір қандастарымызда жоқ екенін медицина дәлелдеді. "Бұл фермент неге жоқ?” деген заңды сұрақтың туындары хақ. Оның себебі – біздің ата-бабаларымыз арақ-шарап дегеннің затын көрмек түгіл, атын естімеген. Сондықтан олардың ағзасына этил спирті түспегендіктен, алкогольдегидрогеназа ферментіне мұқтаждық туындамаған. Осылайша, қазақтың генетикасында аталмыш ферментті синтездеп шығаратын арнайы гендер болмаған. Ондай гендер қазіргі ұрпақтың бойында да жоқ, болмайды да. Өйткені, генетикалық ақпарат атадан балаға берілгенде өзгеріске ұшырамайды.
    Еш қоспасыз, таза арақтың өзін көтере алмаған қазақтың ағзасы өзге химиялық қосылыстар араласқанда қандай күйге түсетінін ішіңіз сезген болар.
    Көресіні көк бөшке көрсетеді
    Қазіргі күндері саудадағы арақтардың бәрі мөлдіреп тұрса да химиялық тұрғыда таза емес! Оның құрамында этил спиртінен басқа метанол, пропанол, формалин, органикалық майлар, қышқылдар, әртүрлі альдегидтер, бензол, фенол, ацетон т.б. көптеген өте улы химикаттар бар. Әрине, қазіргі арақтардың барлығы Қытайдан пластмассалық көк бөшкелер арқылы шекара асып келетін техникалық спиртке су араластырылып жасалатынын ескерсек, оны әлгі улы затардан таза деп айта алмаймыз.
    Жалпы, этил спиртін екі жолмен алады. Біріншісі – табиғи, таза жол. Оған шикізат ретінде бидай крахмалын, глюкозасын пайдаланады. Ал, екінші, жасанды жолдың шикізаты – мұнай және оның қалдықтары.
    Бидайдан алынған спирттің, әрине, сапасы да, соған байланысты бағасы да жоғары болатыны түсінікті. Себебі, оны жасаудың шығыны көп. Ал, мұнайдан біздің елде спирт жасалмақ түгілі, пластмасса да өндірілмейді. Әйтеуір, мұнайдан бензин айыратын үш зауытымыздың барына шүкір (кейде олар өзара келісіп алғандай кезектесіп жөндеуге жабылып қала беріп, жанармай бағасының шарықтап кетуіне себепкер болатынын қайтерсің?).
    Арақ зауыттарының бидайдан этил спиртін өндіріп шығару шығыны оны өзге елдерден сатып алу шығынынан әлдеқайда асып түседі. Сондықтан, қыбырлаған құрт-құмырсқаны да қажетіне жарата білетін қытайлардан дайын мұнай өнімі – техникалық спиртті сатып алып, оны фильтрациялап (сүзіп), адсорбциялап (сіңіріп), өздерінше тазартқансып, арақ жасап, халыққа сатады. Жұрт оны пайдаланады… мұнайдан, техникалық спирттен жасалған арзан арақты! «Білмеген у ішеді» дейді қазақ мәтелі.
    Негізінен, есептеп қарасақ, жоғары сапалы бидайдан жасалған 0,5 литрлік шөлмектегі еш қоспасыз таза арақтың құны 1500 теңгеден кем болмауы керек екен. Өйткені, бидайдан спирт алу – бірнеше сатыдан тұратын, көп уақыт пен энергияны талап ететін, химиялық реакциялармен жүретін, оған бактериялар да қатысатын күрделі процесс. Бұған ең әуелі жоғары сортты бидай керек. Содан соң оны өңдейтін құрал-жабдықтар, альфа-амилаза ферментіне аналог химиялық катализаторлар, глюкозаны ыдыратуға қатысатын микрофлораға қолайлы жағдай т.б. қажет. Бәрін тізбектеп жаза берсек, қағаз көтермейді. Әйтеуір, таза арақтың жасалуы үшін өте көп қаражат пен уақыт жұмсалатынын халық біліп жүрсе болғаны. Харам сусынды жақтап, «нәсілі бидай ғой» деп көлгірситіндерге осыны ескерт.
    Дүкен сөрелерінде 150-300, тіпті ары кетсе 500 теңгелік арақтар толып тұр. "Бұл неліктен арзан!” деп бір рет болсын күдіктеніп көрдіңіз бе? Оның барлығы да техникалық спирттің туындылары, арзан болатын себебі де сол екенін енді түсінген шығарсыз.
    Арақ ішкенде алдына жан салмаған
    Қазаққа арақты ішуді үйретсе де, оны қалай қою керектігін үйретпеген орекеңдердің (орыс халқы) әрбіреуі, статистикаға сүйенсек, жылына орта есеппен 25 литр алкогольді қабылдайды екен. Біздің кейбір қазақтар одан асып кетпесе, кем түсе қоймайды-ау, сірә. Өйткені, кез-келген қазақ ауылының кемінде өзінің 1-2 "алқашы” болады. Дүние-мүлкінің бәрін "ішіп қойған” олардың "күнде қайдан ұрттап алатыны белгісіз” арағын ойша есептесек, жылына 25 литр аздау сияқты көрінеді. Яғни, біз сонау ата-бабаларының заманынан бері араққа "водка” деп еркелетіп ат қойып алған орыстарды он есе орап озып кетіппіз! Неткен қасірет! Спиртті суша сіміру жарысынан озғанша, оларды спорттағы, ғылымдағы, технологиядағы, экономикадағы бәсекеде неге тым құрығанда қуып жетпейміз? Осындайда "жаным – арымның садағасы” деп, намысы жерге тапталса, өліп кетуге дейін баратын намысқой халықтың ұрпағы шынымен де ұсақталып бара жатқан жоқ па деген ой мазалайды.
    Ащы судың азабы көп
    Енді этил спиртінің ("самопалдағы” мұнайдан жасалған техникалық спиртті қоса алғанда) адам ағзасына тікелей қалай әсер ететінін білгіңіз келсе, мынаған назар аударыңыз:
    1. Рактың тууына бірден бір себепкер – алкоголь. Көптеген зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, арақ ауыз, өңеш, жұтқыншақ, кеңірдек, асқазан, ішек рактарымен қоса, тері рагінің 50-70 пайыз, қалқанша безі рагінің 100-150 пайыз, әйелдерде
    сүт безі рагінің 60 пайыз жиілікте пайда болуын арттырады.
    2. Жүректі жегідей жейді. Адамның "моторы” айталықтай өзгеріске ұшыраса, оның өмірі де қысқаратыны белгілі. Дәрігерлер "алкогольдік кардиомиопатия” диагнозын қойса, осы бастан жақындарыңмен қоштасып, ахиретке дайындала беруіңе болады.
    3. Бауырды езеді. Арақты "жақсы көретіндер” әлі емі табылмаған цирроз ауруына, сонымен қатар гепатит, бауырдың майлы дистрофиясы сырқаттарына жиі, ерте ұшырайды. Ондай адамдардың бауыры бүрісіп, езіліп кетеді.
    4. Тамырларды тарылтады, қуысын бітейді. Негізінен, қан қысымының жоғарылауы тамырлардың тарылуынан, оның қуысының атеросклероздық әктенуі салдарынан бітелуінен болады. Бұндай адамдардың инфаркт, инсульт алу мүмкіндігі жоғарылайды.
    5. Шұғыл өліп кетсең, арақтан көр. Маскүнемдер арасындағы тұтқиыл өлімдер арақ ішпейтін адамдардан әлдеқайда көп кездеседі. Ол жүректің ырғағынан жаңылысуынан, өкпе артерияларының қан ұйындыларымен бітелуінен т.б. болады.
    6. Ақылдан адастырады. Психиатриялық емханаға түсетіндердің көбі – маскүнемдікке салынғандар. Галлюцинация, сандырақтау, иллюзия, құтыру, есте сақтау қабілетінің төмендеуі – осының бәрі арақтың кесірі.
    7. Иммунитет төмендейді. Араққа құмар адамдар жұқпалы ауруларға, соның ішіндегі қауіптілері туберкулезге, тұмауға жиі шалдығады.
    8. Қабыну процестерін қарқындатады. Өңештің, асқазанның, ұйқы безінің, өкпенің, бүйректің, жүйкенің қабыну аурулары да осы арақтың кесірі.
    9. Астың сіңірілуін азайтады. Мальабсорбция процесі жүрсе, яғни ас сіңірілмесе, тағам құрамындағы құнарлы заттар қанға өтпесе, ақуыз, көмірсу, май, витамин, минералды заттар жетіспегендіктен ағза ашығады.
    10. Кемтар ұрпақты дүниеге келтіреді. Спиртті ішімдіктерді "сүйетіндерден” туған балалар өле-өлгенше ата-аналарын қарғап өтетін шығар (егер оған ақылдары жетсе!).
    * * *
    Спирттік ішімдіктердің қауіптілігі мен тигізетін зардаптарына көзің жетті ме? Бұл әңгімемізде тек оның ағзаға ғана әкелер зиянын айтып өттік. Ал, харам сусыннан қоғамға келер моральдық, қылмыстық т.б жайттар өз алдына бөлек тақырып. Ендеше одан отбасыңды, жақындарыңды сақтандыр, өзгелерге де осыны айт! Ұлт болашағына қауіпті осы құбылыспен қоғам болып күресейік.
    Құран кәрімдегі мына бір аятқа құлақ түрші:
    "Ей, иман келтіргендер! Арақ, құмар, тігілген тастар, бал ашатын оқтар – шайтанның лас істері. Бұлардан аулақ жүрсеңдер мұраттарыңа жетесіңдер. Негізінен, шайтан арақта және құмарда. Олар араларыңа дұшпандық әрі кек салып, сені Алланы еске алудан бездірмек болады. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?” (5-Мәида сүресі, 90-91).
    Мақсұт АРМИЯШЕВ, Семей Мемлекеттік медицина академиясының 7-курс студенті
    Просмотров: 2610 | Добавил: наркология | Теги: Құран Кәрім, арақ, арақтың зардаптары | Рейтинг: 1.0/1
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz