АРАҚ – ҚАСIРЕТТIҢ ҚАЙНАР КӨЗI - 28 Февраля 2011 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:44
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Ақпан 2011  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2011 » Ақпан » 28 » АРАҚ – ҚАСIРЕТТIҢ ҚАЙНАР КӨЗI
    16:04
    АРАҚ – ҚАСIРЕТТIҢ ҚАЙНАР КӨЗI
     
    Өткен жылы ауылымда бiр жiгiт өзiн-өзi бауыздап тастапты деген суық хабарды естiгенде, төбе шашым тiк тұрды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген ауыл халқы да әлгi марқұм жiгiттiң әрекетiне бас шайқасып, үнсiз тарасқан.

    Тепсе темiр үзетiн, жас жiгiттi дәл осылай масқара өлiмге не итермеледi деген көптiң көкейiндегi сұрақ менi де толғандырды. "Сұрай-сұрай Меккеге де жетерсiң" демекшi, болған оқиғаның мән-жайын сұрастыра жүрiп, өзiме жауап та тапқандаймын...
    Өзiне өзi соншалықты қатаң үкiм шығарып, ауыр азаппен өлген марқұм жiгiттiң "отбасы" тұтас дерлiк "ащы судың" құлына айналған жандар екенiн естiгенде, iшiм қылп ете түстi... "Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекшi, жоғарыдағы қайғылы оқиғаның орын алуына "арақтың" да өз септiгiн тигiзгенi анық.
    Әуелi "адам" арақты iшедi, сосын "арақ" арақты iшедi, кейiннен "арақ" адамды iшедi деген осы шығар бәлкiм... Бұл бiр ғана мысал, бiр ғана отбасының қасiретi. Ал бүкiл елiмiзде, күн сайын мұндай жантүршiгерлiк оқиғалардың ұзын-саны бiр Аллаға ғана аян.
    "Арақ-шарап, iшкен адамды төрт түрлi күйге түсiредi. Ә дегенде адам тотыға ұқсайды, жұрт көзiне түсуге тырысады, оның қимыл-қозғалысы да кербез әрi керiм болып келедi. Содан соң ол маймылдың қылығын шығарады, елдiң бәрiмен қалжыңдасып, қылжақтай бастайды. Одан кейiн ол арыстан кейпiне кiрiп, тәкәппар, паң, өз күшiне сенген, өр көкiрекке айналады. Бiрақ ол ақыр аяғында шошқаға айналып, сол құсап балшыққа аунайды", – деп жазды араб ақыны һәм ғалымы Абдуль-Фарадж.
    Расында да, арақтың адамға еш опа әкелмейтiнi анық. Арақ – зұлымдықтың қайнар көзi. Бұл қазiр мыңдаған адамдардың өмiрiн өксiтiп, талайлардың отбасын талқандап жатыр, негiзiнен жастардың.
    Араққа абайсызда құмарланған адам денсаулығын құртады, өз өмiрiн өртейдi, тiптен балаларының да өмiрiн қор етедi, оның адамдық бейнесiн жояды, өзiне жақын адамдарға қайғы-қасiрет әкеледi. Ақыр соңында шошқа құсап балшыққа илектенiп, қазiргi тiлмен айтқанда "БОМЖ" болып, далада қалады. Мiне, көрiп отырсыздар ма, арақ неге жеткiзедi. Ол өмiрдi өрттей күйдiредi.
    "Қоғамдық сана мен мораль алкогольге барынша қарсы тұруға тиiс" деп жазды Елбасымыз өз жолдауында. Демек, ащы сумен қоғам болып күрессек, нәтижесiнiң оң болары хақ. Осы орайда айта кететiн бiр жәйт, үстiмiздегi жылдың тамыз айында "Азаматтық кодекстiң" 336-бабына өзгерiс енгiзiлдi. Дәлiрек айтсақ, қоғамдық орындарда сыра т.с.с. алкоголь өнiмдерiн iшуге заңды түрде тыйым салынды. Аталған заңға сүйенсек, көшеде сыра iшiп жүрсеңiз, 10 шөлмек сыра бағасына сәйкес айыппұл төлейсiз. Екiншi рет ұсталсаңыз, екi жарым мың теңге, ал үшiншi рет қолға түсетiн болсаңыз, 15 күнге темiр торға қамаласыз.
    Десек те, аталмыш заңның өз күшiне енгенiне үш айдың жүзi болса да, өзге өңiрлердi қайдам, әйтеуiр алматылықтардың осы заңға байланысты ешқандай талаптарды орындап жатқанын көрмедiк. "Баяғы жартас, бiр жартастың" кебiн киiп, қоғамдық көлiктерде сыра бөтелкелерiн құшақтаған жастарымыз бен жасамыс қарттарымыз әлi де азайған жоқ.
    Жақсылыққа бастар, халықтың игiлiгiне орайластырылған осындай iстерге қоғам болып, ел болып атсалысуға тырыспаймыз. "Аққу, шортан һәм шаян" секiлдi, жастар үлкендерге, үлкендер үкiметке, үкiмет халыққа сiлтейдi.
    Осынау, әзәзiлдiң сусыны арамызға енгелi, халықтың қамын ойлаған кейбiр көзi ашық, көкiрегi ояу ел азаматтары БАҚ арқылы арақтың зияндылығын насихаттап, арақтың кесiрiнен пайда болған ағаттықтарымызды айтуда. Әйтсе де, қой күзеткен шопандай, анда-санда бiр айқайлаған айқайдан селк еткен пенде көрмедiк. Керiсiнше, арақ барлық жаманшылықтың анасы екендiгiн бiле тұра, қайсыбiреулер, яғни араққұмарлар аузын ащы судан бiр босатпастан, өздерiн-өздерi қорлап, бiрiн-бiрi өлтiрiп, орны толмас өкiнiштерге қалуда. Әрине, мұндай зиянды iстердiң қайнар көзi – арақ екендiгiне сол адамдардың өздерi куә. Арақ – апат. Оған қарсы күресетiн де, тiршiлiк үшiн басын бәйгеге тiгетiн де – қоғам, яғни халық.

    Арайлым Нұрдәулетқызы,
    Алматы облысы
     
    http://www.turkystan.kz/
    Просмотров: 667 | Добавил: наркология | Рейтинг: 2.0/1
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz