Ар шегінсе, арандату алға озар… - 29 Декабря 2010 - Облыстық наркологиялық орталық сайты
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ НАРКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САЙТЫ
Сенбі, 03.12.2016, 09:46
Меню сайта

Форма входа

Поиск

Календарь
«  Желтоқсан 2010  »
ДсСсСрБбЖмСнЖк
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Архив записей

Друзья сайта
  • Официальный блог
  • Сообщество uCoz
  • FAQ по системе
  • Инструкции для uCoz

  • Статистика

    Онлайн, барлығы: 1
    Қонақтар: 1
    Қолданушылар: 0

    Главная » 2010 » Желтоқсан » 29 » Ар шегінсе, арандату алға озар…
    17:25
    Ар шегінсе, арандату алға озар…

    «Есірткімен ұсталыпты, полиция қызметкері тергеу-тексеру барысында үйінен наша тауыпты, қалтасынан есірткі шығыпты, көлігіне есірткі жасырыпты» деген әңгімелерді жиі болмаса да құлағымыз шалып немесе ақпарат көздерінен байқап қаламыз. Өмірінде есірткі қолданып көрмеген, әжеп­тәуір қызметі, дәрежесі бар, теріс әдеттерден аулақ аза­маттардың осындай қылмысқа ұрынып қалатын сәттері кездесіп қалады. Алдын ала әдейі ұйымдастырылған мұндай әрекеттерге, әрине, полиция қызметкерінің қатысы болатыны сөзсіз. Зымияндық пиғылдың құрбанына айналған ондай азаматтардың соттан ақталып шығуы екіталай. Себебі, заң бойынша есірткі қолданбаса да оларға оны «сату үшін сақтады» деген айып тағылуы мүмкін. Осылайша нақақтан-нақақ бас бостандығынан айырылған азамат өмірінің белгілі бір бөлігін темір тордың аржағында өткізуге мәжбүр болады.
    Уақыт өтіп, жазықсыз арқалаған жазаның кесімді мерзімі біткенімен, оның жан дүниеге, ар-намысқа, сүйекке салған таңбасынан ешкім де ешуақытта арыла алмасы хақ. Түрме оның есігін бір ашқан адамның бар арман-мақсатына, жалындаған жігеріне, өмірге деген құштарлығына өз көлең­кесін түсіріп, тіпті, адамға тән осынау асыл сезімдерді мүлде мансұқ еткізуі мүмкін. Ендеше, осындай оқиғалар орын алып, азаматтармыз жазықсыз жаланың құрбанына айналып, мемлекетіміз ниеті таза, салауатты азматтарынан айырылмау үшін не істеуге болады? Біздегі онымен күрестің мүмкіндіктері қандай? Кемшін тұсымыз неде? «Алқаның» бүгінгі қонақтарының осы сауалдар төңірегіндегі пікірлеріне назар салып көріңіздер. «Сенімге селкеу түсіреді»


    – Есірткімен ұсталып жататын азаматтардың сирек те болса қасқана ұйымдастырылған жа­ланың құрбаны болып жататынымен келісетін шығарсыздар? Рамазан Құмарбекұлы, сіз судья болған азаматсыз, осы қызме­тіңіздің барысында мұндай жағ­дайлармен талай рет бетпе-бет кездескен боларсыз?

    Рамазан СӘРПЕКОВ,
    Мәжіліс депутаты:

    – Мен аудандық, облыстық соттарда жауапты қызметтер атқардым. Өз басым тікелей есірткіні біреуді әдейі қылмысқа ұрындыру үшін қолданған жағдай бойынша қозғалған қылмыстық іспен шұғылданып көрген емеспін. Бірақ, аудандық соттарда қаралған осындай сипаттағы істерге түскен кассациялық шағым бойынша жұмыс істеген кездер болды. Бұл өзі анықталуы қиын, өте күрделі мәселе ғой. Өзіме күмән тудырған бір мәселені айтайын. Қылмыс жасалғанда, адамдардың ай­ғақ ретінде бойынан, киімдерінен полиция қызметкері күмәнді заттарды іздеген кезінде екі адам куәгерлік жасау керек. Менің байқағаным, есірткіге қатысты іздеу шараларында куәгерлік ететіндер белгілі бір адамдар болып жүрді. Мәселен, ауданда куәгер болған адамдарды кейін қаладан немесе басқа ауданнан көрдім. Рас, мен жұмыс істеген шағым бойынша ұсталған азаматтар өздеріне «жала жабылды, бұл арандатушылық, есірткіге біздің қатысымыз жоқ» деген әңгіме айтпады. Бәрі мойындады. Әйтсе де, белгілі бір адамдардың тағы осы іске келіп куәгер болуы маған күдік тудырды. Бұл, бәлкім, ішкі істер ұйымдарының жұмысты жеңілдету үшін алдын ала тағайындап қойған адамдары шығар. Дегенмен де, осы жағдай істің жүргізілу барысына өз көлеңкесін түсіретіні сөзсіз. Жалпы, маған осы мәселе бойынша көмек сұрап келетін адамдар көп. Жуырда ғана бір азамат өмірінде есірткіні қолданбақ тұрмақ, оның не екенін білмейтін баласының қалтасына полиция қызметкерлерінің есірткі салып, қылмысқа ұрындырғаны, оның қазір түзеу мекемесінде жаза өтеп жүргендігі туралы айтып, оның ақталып шығуына көмек қолын созуымды сұрады. Тағы да бірнеше адам осындай арыз айтып келді. Демек біздің қоғамда осындай факті бар және бұл құқықтық-зайырлы мемлекет құрып жатқан еліміз үшін қауіпті жағдай. Адамдардың болашаққа, әділдікке деген сеніміне селкеу түсіретін келеңсіз құбылыс. Сондықтан, мұнымен күрес пәрменді болу керек.

    «Ұсталған қылмыскер өзгені кінәлауға бейім»

    Рыскелді ЖАНДАРБЕКОВ,
    ІІМ-нің есірткі бизнесіне қарсы
    күрес комитеті төрағасының
    орынбасары:

    – Барлық құқық қорғау орындарында өздерінің қауіпсіздік қызметтері бар. Прокуратура ұйымдары, қаржы полиция­сы, сол секілді өзге де құқық саласының қызметкерлері жайында қандай да бір қылмысқа қатысы бары жөнінде шағым түссе немесе қылмыс үстінде ұсталса, не осындай мәлімет белгілі болса, оны міндетті түрде қауіпсіздік қызметі тексеріп, барлық деңгейде анықтайды. Яғни, құқық қорғау саласының әрбір қызметкерінің тәртібі үнемі қадағаланып отырады. Олардың қызмет бабын пайдаланып, болмаса басқа да жолдармен заңға қайшы әрекеттерге бармауының алдын алу өте қатаң түрде жүзеге асырылады. Және анықталған фактілер тексеріліп, қызметкер тиісті заңнамаларға сай қатаң жазасын алатын болады.

    – Соған қарамастан осындай әрекеттерге барып жататын әріп­тестеріңздің барлығын нақты фактілер айғақтап отыр. Мәселен, осы жылдың шілде айында Жо­ғарғы соттың қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасы пав­лодарлық екі азаматқа осындай іске қатысты жала жабылғанын анықтап, оларды ақтады. Қыл­мыстың ашылуы бойынша жұмыс көрсеткіштерін көбейту үшін қыз­мет бабын пайдаланған екі полиция қызметкеріне бес жылға бас бостандығынан айыру және жазасын өтеп болғаннан кейін құ­қық саласында қызмет ету құқы­нан айыруға үкім кесілді. Жо­ғарғы соттың қылмыстық істер алқасы есірткі қасақана тасталған тағы бір істі қарап жатыр. Астана қалалық прокуратурасы биыл осындай екі фактінің тіркелгені жөнінде айтады. Өкінішке қарай, «тыныштығымызды, құқымызды қорғайды» деп сенетін полиция қызметкерлері заңға қайшы әре­кеттерге барып жатады. Сирек кездесетін жағдай деуге болар. Алайда, басқа емес дәл құқық қорғау қызметкері тарапынан жа­салған осындай әрекет қандай мөлшерде болса да жайбарақат қарауды көтермейтініне келісетін боларсыз?
    – Мұндай фактілер өте аз. Ілуде бі­реу десе де болады. Егер болған жағдайда ол міндетті түрде анықталады. Кез келген нашақор немесе оны сатумен айналысушылар ешуақытта өз кінәсін мо­йындамайды. Олар есірткімен ұсталған жағ­дайда көбінесе полиция қызметкерін «жала жапты, әдейі ұйымдастырды» деп кі­нәлайды. Бірақ, мұндай азаматтарды дәрігерлік тексерістен өткізіп, қан құрамын зерттеген кезде олардың нашақор, есірткі қолданып жүргені анықталып жатады. Ал, азаматтардың көпе-көрнеу есірткі сақтады, сатты деген айыппен ұсталмауы үшін, оларға полиция тарапынан жала жабылмауы үшін мұндай қылмыстардан аулақ жүруі керек. Шындығында, құқық қор­ғау қызметкері көшеде кетіп бара жатқан кез келген азаматқа келіп, осындай айып тағуы мүмкін емес қой. Айталық, сіздің басыңыздан осындай жағдай өтті ме, әрине, жоқ. Тіпті, көшеде біздің жеке куәлігімізді де сұра­майды ғой. Күндіз де, түнде де. Өйткені, біздің күмәнді іс-әрекеттеріміз жоқ. Өз бетімен жүрген, ешбір тәртіп, құқықбұзушылыққа бармаған азаматтар мұндай келеңсіздікке тап болмайды.

    – Яғни, халық даналығы айтқан­дай, «шығасыға иесі басшы» дейсіз ғой.
    – Иә, мұның бәріне белгілі бір азаматтың осындай қылмысқа қатысы барлығы себеп болады. Құқық тәрті­бін бұзушылар қашанда полиция қызметкерінің көздеріне түсіп, назарға алынады. Кез келген құқық тәртібін бұзған адам міндетті түрде белгілі болады. Әрине, олармен сосын полиция қызметкерлері тарапынан жұ­мыстар жүргізіледі. Айтылып отырған мәселелердің орын алуы көбіне-көп осындай шаралардың нәтижесі екеніне еш күмәным жоқ. Өйткені, ешуақытта есірткі қолданбаған адамға аяқастынан осындай жала жабылуы мүмкін емес. Өйткені, ол бәрібір тексеріс кезінде анықталатын жағдай. Ал, құқық қорғау салсының қызметкері қоғамдық тәртіптің сақшысы. Ол барлық азаматтардың қауіпсіздігі, мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін жауап беретін адам. Ол осы қыз­метке келген кезде өзіне осындай міндет жүктеп, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін толық сезініп келеді. Егер өзінің қызметінің мәртебесіне сай болмаса, қатаң жазаланатынын біледі. Әрине, қызмет бабын теріс пайдаланатындар бар. Олар, бірақ, өте аз. Және олар дер кезінде анықталып, өзінің лайықты жазасын міндетті түрде алады.

    – Ал, полиция қызметкерлері куәгерлікке тартатын азаматтар жайлы әртүрлі пікір бар. Көбіне олар полицияның өз адамдары. Азаматқа қасқана жала жабу үшін куәгерлерді алдын ала дайындап алып келеді. Өйткені, көп жағдайда олар белгілі бір адамдар болады деп жатады? Бұл қаншалықты шындыққа жақын деп ойлайсыз?
    – Азаматтарға егер еш кінәсіз болса, ешкім де жала жаба алмайды. Тіпті, куәгерлер полицияның арнайы адамы болған жағадайда, мұның ауылы қасқана жала жабудан аулақ болатынына еш күмәным жоқ. Өйткені, шындық бәрібір анықталады. Егер жала жабылған жағдайда оған қатысты барлық азаматтар жазаланады. Бұл қылмыстық істер жөніндегі заңнамаларымызда өз дәрежесінде қарастырылған. Сон­дықтан, кім осындай ар алдында, заң алдында абыройсыздыққа душар ете­тін әрекетке жүрегі дауалап барады. Әрине, ешкім.
    Жалпы, куәгерлер мәселесі бүгінгі таңда өте қиын тақырып. Судьялар, прокурорлар оларға өте қатал қарайды. Олар кімдер, қайдан келді, бұл адамдар шынымен де қылмыстың анықталуына мүдделі ме, әлде теріс пиғылды көздеп жүр ме деген мәселе олардың тарапынан жан-жақты қа­ралып, зерттеледі. Шындығында, өзіңіз айтыңызшы, қылмыскер қолға түскен түн ортасы кезінде куәгерлерді қайдан табуға болады? Кім оларға жолынан қалып немесе ұйқысын бұзып куәгер болуға келіседі? Мұндай сәттерде белгілі адамдарды осындай мақсат үшін пай­даланғаннан өзге жол бар ма? Шетелдерде, мәселен, АҚШ-та бұл арнайы заң жүзінде дәйектелген мәселе. Олар да полиция қызметкерлеріне сенеді. Бізге де осыған қол жеткізуіміз керек. Осы куәгерлер институтын жан-жақты қарап, дамытудың жолдарын ойластыруымыз қажет деп ойлаймыз.

    «Заңда құқық бұзған полицияға қылмыстық
    жауапкершілік болуы керек»

    – Рамазан Құмарбек­ұлы, құ­қық саласы қызметкер­лерінің адам­дардың қалтасы­на не олардың мүлкіне есірт­кі тастап, қылмысқа ұрын­дыратын жағдайдың алдын алу үшін не істеуміз керек? Заң­намаларымыз­дағы олардың мүм­кіндіктері қандай?
    – Өкінішке қарай, біздің заңнама­ларымызда жазықсыз қылмысқа ұрын­дыру үшін азаматтарға қасақана қастан­дық жасайтын құқық қорғау қызмет­керлерінің жауапкершілігі қа­растырылмаған. Осындай әрекет­тер­мен айналысқан тергеушілер, полиция қызметкерлері қылмыстық жауапқа тартылып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалу керек. Болашақта осы шараның құқықтық тетігін жасау мәселесін шешу қажет. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай әрекеттерге әртүрлі мақсатпен баруы мүмкін. Көбінесе қасқана есірткіге қатысты қылмысқа ұрындыру әрекеттері полиция қызметкерлерінің әлігінде өзіңіз айтқандай, қылмыстың ашылуы бойынша берілетін жоспарлы көрсеткіштерін орындау, арттыру мақсатында жүзеге асырылады деп ойлаймын. Есірткіні әркім әртүрлі мақсатта пайдаланады. Онсыз тұра алмайтын адамдар, ауруына ем ретінде қолданатындар бар. Полиция қызметкерлері осындай адамдардың соңына шырақ алып түскеннен гөрі, оларға есірткіні жеткізіп беретін, яғни, ол заттарды ірі көлемде сақтап, айналымға шығаратын нағыз қылмыскерлерді анықтап, ұстаумен айналысуы керек.

    – Ырыскелді Әбділхайұлы, тиісті заңдарда осы құқық қорғау саласы қызметкерлеріне арна­йы қылмыстық жауапкершілік қа­рас­тырылу керек деген талапқа қалай қарайсыз?
    – Азаматтарға көпе-көрнеу жала жауып немесе өзіңіз айтқандай, есірт­кі затын қалтасына, мүлкіне тастау арқылы қылмысқа ұрындырған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастыру, меніңше, артық шаруа секілді. Өйткені, біздің қолданыстағы заңымыздың, яғни, Қылмыстық кодекстің 137-138-баптарында осы мәселе қажетті деңгейде қа­растырылған. Яғни, бұл баптарда өзі­нің қызмет бабын пайдаланған лауа­зымды тұлғаның қылмыстық жауапқа тартылатыны тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Лауазымды тұлғаға кез келген құқық қорғау саласының қызметкері жататын болғандықтан, бұл өлшем тиісті деңгейде сала қызметкерлерін өздерінің кәсіби міндеттеріне, мәртебесіне күйе жағатын әрекеттерден аулақ болуына мызғымас кепілі болатыны ақиқат. Мемлекет басшысының «ҚР-ның құқық қорғау органдары және сот жүйесін реформалау туралы» Жарлығында Парламент Мәжілісінің қарауына осы жарлық талаптарын жүзеге асыруға ықпал ететін заңнамаларды дайындау, сонымен қа­тар, құқық қорғау қызметкерлерінің және судьялардың қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қылмыс жасау фактісін қылмыстық жауапкершілік пен жазалауды ауырлататын жағдай деп тану туралы міндет қойылған. Демек, кез келген жағдайда құқық қорғау қызметкерінің заңбұзушылығы жазаны ауырлататын жағдай болып есептеледі. Қай кезде де басқа адамдар жасаған қылмысқа қарағанда құқық саласы қызметкерінің тартатын жазасы ауыр. Алда да олардың қылмысқа жауапкершілігін қарастыруға қатысты ғалымдар, депутаттар өз пікірлерін айтып, дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

    «Жала жабылған жанның соңғы үміті сотта»
    – Бойынан немесе мүлкінен есірткі табылған азаматтың қаса­қана осындай жаланың құр­баны болу мүмкіндігі жайында әңгіме қозғап жатырмыз ғой. Шынымен есірткі сақтап немесе оны сатқан қылмысы анықталған жағдайда, егер ол зат ірі көлемде болса, Қыл­мыстық кодекстің 259-бабы бойынша 10 жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айырылады екен. Аз көлемде болған жағ­дайдың өзінде есірткімен ұс­талған азамат кемінде 3 жылын темір тордың ар жағында өткізуі мүмкін. Нақақтан-нақақ азаматтың осындай жазаға кесілмеуінің, оның ақталып шығуының қандай жолдары бар? Оны бұл жазадан қалай құтқарып қалуға болады? Рамазан Құмарбекұлы, сот болып істеген жансыз, алдыңызға осындай жаламен келген жазықсыз жанның тағдырын қалай шешер едіңіз?
    – Осындай жағдайға тап болып, қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүр­гі­зілгеннен кейінгі адамның енді­гі тағ­дыры судьяның қолында. Сон­дық­тан, менің айтарым, судья істі қарау барысында барынша әділ болуы керек. Қорғаушы, прокурор, куәгерлер қа­ты­сатын сот процесінде істі болған аза­маттар өзінің шын кінәсіз екенін дәлелдеуге барын салады. Ешкім де жа­зықсыз түрмеге қамалғысы келмейді. Куәгерлер де өз айғақтарын алдыға тартады. Сот – азаматтың өзінің қылмысқа еш қатысы жоқ екеніне көз жеткізудің барлық мүмкіндігін пайдаланатын соңғы орны. Ал, судья – бәріне нүкте қойып, адамның тағдырына үкім айтатын ең шешуші тұлға. Жазықсыз қылмысқа ұрынған адамның үмітін жандыратын, не оны мүлде өшіретін де – судья. Судья осыны ұмытпауы керек. Азаматтардың жан дүниесіне терең бойлап, оның әрбір сөзінің астарын, жауап беру кезіндегі мінез-құлқын, іс-әрекетін таразылап, талдап барып шешім қа­былдауы керек. Сондықтан, оның әділ төрелігі бәрінен биік тұр. Осыны судьялар есінде ұстағаны жөн.
    Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
    «Заң газеті»
    http://zan.zanmedia.kz/
    Просмотров: 826 | Добавил: наркология | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Имя *:
    Email *:
    Код *:
    Сайтты әзірлеген: Серікбай Смағұлұлы
    Copyright MyCorp © 2016
    Сайт управляется системой uCoz